Мемлекет басшысы жақын арада жаңа Конституцияның мән-маңызына тағы да кеңірек тоқталатынын айтты
Сурет: Ақорда
Президент Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада стратегиялық әлеуетіміздің кілті инфрақұрылым, технология, білім және ғылым салаларында жатқанын, лайым солай болуға тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Ұлтты прогресс жолымен өрге сүйрейтін, елімізді өткеннің таптаурын, қасаң түсініктерінен ада өркениетті әрі үйлесімді қоғамға айналдырудың алғашқы қадамдары осы салалардан бастау алуы керек. Алайда жарқын болашаққа қарай ұмтылу түп-тамырыңды ұмыту деген сөз емес. Мәселе – жаһандық үдерістерге еліктеу туралы да емес, алдымызда тұрған мақсат – болмысымызды жоғалтып, бабаларымыз аманат еткен Ұлы даланың баға жетпес мұрасын жадымыздан шығарып алмау. Оған біздің құқымыз жоқ", - деді Мемлекет басшысы бұл ретте.
Дегенмен "Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар" дегенді алға тартқан президент біз көне заманнан бері келе жатса да, қазіргі дәуірге сай келетін құндылықтарды ғана пайдалануымыз керек екенін, сонда ғана дүние жүзінде нағыз жасампаз ұлт ретінде мойындалатынымызды нығырлай жеткізді.
"Конституциямыздың жаңа жобасы мәдени кодымызды сақтап, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, еліміздің Бас құжаты халқымызды дәстүр мен даму үйлесім тапқан даңғыл жолға түсірмек. Қуатты және тұрақты экономикасы бар Әділетті, бәсекеге қабілетті Қазақстанды құруға жетелейтін орнықты дамудың институттық және құқықтық негіздері Конституция жобасында көрініс тапты. Ал қазіргі Ата Заңымыз қабылданған шақта Қазақстан еңсесін енді тіктеп жатқан еді. Ол кезде Егемендікті сақтап қалу, билік институттарын құру, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеттеріне басымдық берілді. Бүгінгі Конституция еліміздің қол жеткізген барлық жетістігінің бастауында тұрды. Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің айтуынша, бірақ заман бір жерде тұрмайтыны белгілі.
"Қазір Қазақстан – халықаралық беделі биік, саяси жүйесі мығым, экономикасы орнықты дамып жатқан қуатты мемлекет. Шетелдегі саясаткерлер мен сарапшылар елімізді ірі орта мемлекет ретінде мойындап, құрмет білдіруде. Біз БҰҰ Жарғысының негізіне айналған халықаралық құқық сақталуы қажет деп санаймыз. Алдағы уақытта да осы қағидаттан айнымаймыз. Бұл – Қазақстанның нақты ұстанымы. Еліміздің Конституциясында ұлттық заңнама талаптарын ескермей, оны екінші орынға қоятын екіұшты ереже болмауы керек. Бұған жол беруге болмайды. Бұл да Тәуелсіздік пен Егемендік мәселесі. Ата Заңымызда Қазақстан халқының бірлігін, этносаралық, конфессияаралық келісімді, толеранттылықты нығайтатын нормалар бар. Бұл – біздің саяси, рухани құндылықтарымыз. Сондықтан оны құқықтық тетіктер арқылы күллі қоғам болып қорғауға міндеттіміз", - дейді президент.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның экономикасы Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі ең үлкен экономика саналады. Қазақстан дүниежүзіндегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылды. Бұл 20 миллион халқы бар ел үшін жақсы нәтиже деп айтуға болады.
"Біз барлық елдермен тығыз қарым-қатынасты дамытып, теңгерімді, салиқалы, ұлт мүддесіне сай сыртқы саясатты жүргізе отырып, өз жолымызбен жүріп келеміз. Ал жаңа Конституцияны қабылдау, бұл – уақыт талабы, мемлекетіміздің алдында тұрған өзекті, шұғыл міндет. Бас құжаттың жобасы Қазақстанның тұғыры берік, бағдары айқын, алысқа көз тігетін озық ойлы ел екенін көрсетеді. Оның әр нормасы ұлт мүддесіне қызмет етеді. Ата Заң жобасында Әділдік пен Отаншылдық, Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Адалдық қағидаттары айқын көрініс тапты. Біз бәріміз бір ұлт болып тарихи жолдың торабына жеттік, енді халқымыз келе жатқан жалпыхалықтық референдумда ел тағдырына әсер ететін таңдауын жасайды. Мен жаңа Конституцияның мән-маңызына жақын арада тағы да кеңірек тоқталамын", - дейді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін президент төл тарихымызда ер азаматтармен бірге ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар көп болғанын айтқан болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript