Мемлекет басшысы "БРИКС плюс" саммитіне қатысты
Сурет: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде "аутрич"/"БРИКС плюс" форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі. Жиын "Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту" тақырыбына арналған, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы 2026 жылы 13 қыркүйекте Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқан және БРИКС саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырған Премьер-министр Нарендра Модиге алғыс айтты.
"Біздің кездесуіміз Үндістанның бірегей бай мәдени мұрасын паш ететін Нью-Дели қаласында өтіп жатыр. Мұның өзі символдық мәнге ие. Бүгінде "Адамзат – бәрінен маңызды" қағидасына негізделген және халықтардың мүддесін көздейтін күн тәртібі аса өзекті. БРИКС аясындағы ынтымақтастықтың 20 жылдығымен тұспа-тұс келген Үндістанның төрағалығы бұл бағытқа айрықша серпін берді", – деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһан жұртының жартысына жуығын құрайтын және әлемдік ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын беретін БРИКС – айтарлықтай мүмкіндікке ие. Сонымен бірге аталған құрылым алауыздықты азайтып, нақты нәтижеге қол жеткізуге де жауапты.
"Дегенмен халықаралық қоғамдастық алдында тұрған іргелі мәселелердің шешімін тауып, жетекші державалар арасындағы сенім деңгейін қалпына келтірмейінше, БРИКС әлеуетін толық іске асыру мүмкін емес. Бұл үрдіс 2026 жылы жарияланған Жаһандық бейбітшілік индексінде айқын көрініс тапты. Геосаяси қақтығыстар ушығып, милитаризация күшейген, көпжақты институттар әлсіреп, сауда кедергілері көбейген кезеңді сипаттайтын "Жаппай жікке бөліну" деген ұғым пайда болды. Былтыр қақтығыстардың салдарынан жаһандық экономика шамамен 22 триллион доллар зиян шекті. Яғни әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына парапар. Бұл – алаңдатарлық ахуал. Біз аймақтық кикілжіңдердің қақтығысушы тараптармен шектелмей, халықаралық экономикаға зардабын тигізе бастағанына куә болып отырмыз. Маңызды теңіз жолдарының үзілуі жаһандық энергетика, азық-түлік және сауда тізбегіндегі осал тұстарды анық көрсетті", – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Эфиопия премьер-министрі Абий Ахмедпен кездескен болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript

