Қазақстандық каратэшілер Каирдегі Премьер-лигада бір алтын, бір күміс, екі қола медаль жеңіп алды
Екі күнге созылған турнирдің кумите бағдарламасында 60 кг дейінгі салмақта сынға түскен Қайсар Алпысбай финалда жарыс қожайыны, мысырлық Мұхамед Габерді 3-1 есебімен ұтып, чемпион атанды. Осыған дейін Премьер-лиганың 2 дүркін жеңімпазы атанған Қайсар кеше жартылай финалда әзірбайжандық Аминага Гулиевті 6-2 ұпаймен жеңген еді.
Ал әйелдер арасындағы кумитенің +68 кг салмағында бас жүлдені Токио Олимпиадасының қатысушысы, отандасымыз Софья Берульцева мен жапон Аюми Уэкуса сарапқа салды. Тартысты өткен жекпе-жектің соңында Аюми жеңісті жұлып әкетті. Есеп: 7-1.
Айта кетейік, кеше Софья жартылай финалда әлем чемпионы испан Мария Торресті 6-1 есебімен тізе бүктірген еді.
Сондай-ақ кеше Дидар Әмірәлі (-67 кг) мен Бейбарыс Жаңбыр (-75 кг) қола жүлдеге ие болған еді.