Алматыда спорттық гимнастикадан жазғы спартакиада басталды
Төрт жылда бір келетін бұл жарысқа 7 өңірден 40-тан аса ер, 8 өңірден 50-ге тарта таңдаулы әйел гимнаст қатысады.
Командалар шеруінде Республикалық спортты дамыту дирекциясының және облыстық спорт басқармасының өкілі сөз сөйлеп, атлеттерге сәттілік тіледі.
Ертең ерлер мен әйелдер іріктеу кезеңінде бақ сынаса, 20-21 сәуірде жекелей және көпсайыстан финал өтеді. Бұл Спартакиадада еліміздің жастар мен ересектер құрамасының спортшылары бақ сынап, алдағы халықаралық жарыстарға дайындығын пысықтайды.
"Ел ішіндегі Олимпиадаға барлық жастағы Ұлттық құрама спортшысы жиналды. Бәрі өз комбинацияларына жаңа элементтер қосып, жетілдіріп көреді. Мысылы, шымкенттік Диас Тойшыбектің қарқыны жақсы. Ол мұнда екі бағдарламада күрделі элементер істейді. Диас Спартакиададан соң бірден Әлем Кубогында өнер көрсетеді. Бәрі ойдағыдай өтсе, Бельгиядағы Әлем чемпионатына апарамыз", - деді ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Нариман Құрбановтың жеке бапкері Хусанжан Құрбанов.
Қазір негізгі Ұлттық құрама жасақталған. Бапкерлер спартакиададан соң 2-құрама жасақтайды. Олар Қытайдағы Азия ойындарында ел намысын қорғаса, көшбасшылар күзде Бельгиядағы әлем чемпионатында сынға түседі. Антверпенде жеке бағдарламаның әр жеңімпазы мен үздік нәтиже көрсеткен 12 құрама Париж Олимпиадасына тікелей жолдама алады.
Айта кетейік, 4 жыл бұрын Алматыда өткен спорттық гимнастикадан V Спартакиадада әйелдер арасында жалпы есепте Алматы 1-орын алса, Қарағанды мен Астана одан кейінгі сатыға жайғасқан. Ерлер арасында да Алматы топ жарса, Шымкент екінші, Павлодар облысы үшінші орынға ие болған.
Гимнастар бәсекесі қаладағы №9 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өтіп жатыр.