Ташкентте бокстан әлем чемпионаты басталды
Жүлде қоры 5 млн доллардан асатын бәсекеге 104 мемлекеттен 640 спортшы жиналды, деп мәлімдеді "Хабар 24" арнасының тілшісі. Соның ішінде 7 бірдей жаһан чемпионы бар.
Жарыстың алғашқы күні рингке Талғат Сырымбетов пен Айбек Оралбай шығады. Бірі таиландтық, екіншісі болгариялық боксшымен қолғап түйістіреді. Қазақстандық боксшылар барлық 13 салмақта өнер көрсетеді. Құрама капитаны Асланбек Шымбергенов пен Токио олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев қатарда.
Қазақстандық Сәкен Бибосынов – басты фавориттердің бірі. Ол финалда байырғы қарсыласы өзбекстандық Хасанбой Дусматовпен жолығуы мүмкін.
Жарыста бірінші орын алғандар 200 мың доллар еншілейді. Екіншіге 100 және үшінші тұғырдан көрінген спортшыға 50 мың доллар беріледі.