Чемпион Санжар Тәшкенбайдың оқығысы келеді: Ақылыға ауысайын десем қаражат жетіспейді
"...Ташкент-Астана бағытында ұшқан ұшаққа мініп, орныма жайғасқаным сол еді, жаныма келіп Санжар Тәшкенбай жайғасты. Содан Астанаға жеткенше біраз әңгімелестік. Астанадағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда оқыған Санжар 17 жасында бокстан Азия және әлем чемпионы болған. 18 жасында ересектер арасындағы Азия чемпионы атанды. Әңгіме барысында бір әттеген-айы бар екенін де айтып қалды. Мен бір сөзімде: "Қайда оқисың" деп қалдым", деп бастайды Facebook-тегі өз жазбасын Ғалым Қожабеков.
Сөйтсе ол 2021 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне грантқа, оқытушы-жаттықтырушы мамандығына түскенін, бірақ оқуы ұзаққа бармағанын айтыпты.
"Бірінші курстың ортасынан бастап стипендиямды жойды, одан кейін сабаққа белсенді қатыспағаным және жазғы практикада болмағаным үшін оқудан шығып қалдым. Ақылы оқуға ауысайын десем қаражат жетіспейді, үйде менен басқа бес бала бар, әкем қарапайым таксист, анам үй шаруашылығынан босамайды. Бұл кездері мен жастар арасындағы Азия және әлем чемпионатына қызу дайындық жүргізіп жүргенмін. Тынымсыз жаттығуларымның арқасында екі жарыста да чемпион болдым. Ал 2022 жылы ересектер арасындағы чемпионатта чемпион атандым. Бірақ оқуымнан шығып қалдым, соған өкінемін, аға" деп көңілінде жүрген бір кірбіңін білдірді.
Кеше ғана әлемді мойындатқан Санжар чемпион енді Көкшетаудағы педагогика институтына оқуға түсу жоспары барын айтыпты.
"Санжар бұл жағдайды жүрегіңе жақын алма, бір жөні болар, сен енді осы күздегі Азия ойындары мен алдағы жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарын ойла! – дедім өзімше тілеуқор көңілмен, алтын медалін алақанында ұстап отырған, қазақтың абыройын аспандатқан Тәшкенбайға. Оқығысы келетін балаға қарап ойланып қалдым...", деп түйінділеді желідегі жазба.
Айта кетсек, 13 мамырда Ташкентте бокстан өтіп жатқан Әлем чемпионатының финалында 48 келі салмақ дәрежесінде грузин боксшысы Сахил Алахвердовимен жұдырық түйістірген Санжар Ташкенбай айқын басымдықпен жеңіске жетті. 16 мамырда бокстан әлем чемпионатының жүлдегерлері Президентпен кездесті. "Барша қазақтың мерейін тасыттыңдар" деген Мемлекет басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы байрақты бәсекелерде ел намысын лайықты қорғайтынына сенім білдірді.