Грек-рим және әйелдер күресінен әлем чемпионатына кімдер баратыны белгілі болды
Әлем чемпионаты 16-24 қыркүйек аралығында Сербияда өтеді. Ұлттық құрама бапкері Юрий Мельниченко 2024 жылғы Париж олимпиадасына жолдама берілетін жарысқа баратын балуандардың тізімін жариялады.
Олардың арасында бұдан бұрын әлем чемпионатында 2011 жылы күміс, 2010, 2015, 2019, 2021 жылдарда қола медаль алған Алмат Кебіспаев (67 келі) бар.
Өзге салмақтарда Марлан Мұқашев (55 келі), Олжас Сұлтан (60 келі), Мамырбек Мұхамедәли (63 келі), Ибрагим Магомадов (72 келі), Демеу Жадраев (77 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі), Олжас Сырлыбай (97 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі) ел намысын қорғайды.
Ал әйелдер күресінен ел құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиев Сербияға Марал Тәңібергенованы (50 келі), Алтын Шағаеваны (53 келі), Марина Седневаны (55 келі), Айнұр Әшімованы (57 келі), Диана Каюмованы (59 келі), Ирина Кнецованы (62 келі), Елена Шалыгинаны (68 келі), Жәмила Бақбергенованы (72 келі) және Інқар Жаңатаеваны (76 келі) алып барады.