Ильфат Абдуллин мен Ли У Сок Азия ойындарының қола медаліне таласады
Ол классикалық садақпен нысана көздеудің жартылай финалында Отгонболд Баатархуягқа (Моңғолия) 2-6 есебімен есе жіберді. Енді қазақ мергені 7 қазанда екі дүркін әлем чемпионы (командалық сында), Джакартадағы құрлық ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері, екі дүркін Универсиада жеңімпазы Ли У Сокпен (Оңтүстік Корея) қола жүлденің иегерін анықтайды.
Ал Париж Олимпиадасының лицензиясы үшін жарыс қожайыны Сяншо Ци (әлем рейтингінде 23-орында) мен Отгонболд (әлем рейтингінде 293-орында) шеберлік байқаспақ.
Ильфат (әлем рейтингінде 22-орында) күндіз ХІХ жазғы ойындардың тартысты өткен ширек финалында Дхирадж Боммадевараны (Үндістан) 6-5 есебімен жеңіп, көктемде кеткен есесін қайтарған. Екі мерген биыл Түркияның Анталья қаласындағы Әлем кубогының алғашқы кезеңінде қола жүлдені сарапқа салғанда үндістандық 3-7 есебімен жеңіп кеткен.
Кеше 1/8 айналымда қазақ атлеті екі дүркін Олимпиада чемпионы, Әлем және Азия Кубогының жеңімпазы О Джин Хекты (Оңтүстік Корея) жарыс жолынан ығыстырған. Оған дейін Ду Нгуенді (Вьетнам) айқын басымдықпен жеңген.
Ильфат Азиадаға осымен екінші рет қатысып отыр. Джакартадағы ойындардың жартылай финалында Ли Ву Соктан (Оңтүстік Корея), қола медаль үшін кездесуде индонезиялық Риау Эга Сальсабилладан 2-6 есебімен жеңіліп, жекелей сынды 4-орынмен аяқтаған.
Айта кетейік, бүгін ширек финалда ұлттық құраманың үш өкілі – Акбарәлі Қарабаев, Адель Жексенбинова мен Андрей Тютюн үндістандық спортшылардан жеңіліп қалды.
"Фуян Иньху" спорт орталығында спорттың бұл түрінен 1-7 қазан аралығында 10 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Ханчжоудағы ойындарда алғаш рет садақ ату спортынан Олимпиада жолдамасы үлестіріліп жатыр. Мұнда классикалық садақ атудан жекелей (ерлер, әйелдер) және аралас командалық сынның жеңімпазы Париждегі додаға тікелей жолдама алады.