Қазақстандық екі төреші Париж Олимпиадасына шақырту алды
Тимур Әмірбеков Халықаралық гимнастика федерациясының шақыртуы бойынша (FIG) 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарында спорттық гимнастика бойынша төрелік етеді.
Бұл қазақстандық маман қазылық ететін төртінші жазғы Олимпиада ойындары болмақ.
Бұған дейін Тимур Әмірбеков 2004, 2012 және 2016 жылғы төртжылдықтың басты додаларында төреші болған.
Сонымен бірге көркем гимнастикадан қазақстандық төреші Алуа Бектұрова да Париж Олимпиадасына шақырту алды.
Халықаралық көркем гимнастика федерациясы 2024 жылғы Париж Олимпиадасында төрелік ететін қазылар тізімін жариялады. Олардың қатарында қазақстандық Алуа Бектұрова да бар.
Айта кетейік, Алуа бұған дейін Испанияда өткен әлем біріншілігінде төрелік еткен болатын. Халықаралық федерация оның жұмысын жоғары бағалап, техникалық комитет арнайы алғыс хатпен марапаттаған.