Жаңалықтар тізбегі
0

Жолдама үшін жанталас: семсерлесуден Қазақстан командасы тарихи лицензияны сарапқа салады

семсерлесу, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2024 21:02 Сурет: olympic.kz
22-24 наурыз күндері Грузия астанасы Тбилисиде шпагамен семсерлесуден әлем кубогі кезеңі өтеді. Әлемнің 60-тан астам елінен жиналған нояндар рейтингілік ұпай мен Париж Олимпиадасының жолдамасы үшін тартысқа түспек. Әсіресе, бұл дода қазақстандық шпагашылар үшін маңызды болмақ.

Себебі Руслан Құрбанов пен Эльмир Әлімжанов бастаған құрама тарихта тұңғыш рет командалық сында лицензия жеңіп алуы мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Грузиядағы әлем кубогіне Қазақстан сапынан 12 спортшы қатысады.

Олар: Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов, Алексей Касаткин, Богдан Лукин, Кирилл Павлов, Кирилл Проходов, Александр Савин, Георгий Тинников, Никита Жулинский.

22-23 наурыз күндері шпагадан жекелей сындағы жеңімпаздар анықталса, 24 наурызда командалық жарыстан Олимпиада жолдамасының тағдыры шешіледі. 

Семсерлесуден мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасовтың айтуынша, тарихи нәтижеге қол жеткізу үшін қазір команда мүшелері тынбай дайындалып жатыр. 

"Жолдаманың тағдыры шешілетін күн жақын. Біздің команданың лицензия алатын мүмкіндігі жоғары. Басты қарсыласымыз Оңтүстік Кореядан 26 ұпайымыз артық. Қазақстандық шпагашылар Париж Олимпиадасының жолдамасын иелену үшін Тбилисиде Оңтүстік Корея командасы алтын медаль алмауы керек. Спортта болжам жасау өте қиын. Сондықтан, алдын ала тон пішпей, жігіттердің шеберлігі мен тәжірибесіне сеніп, сәттілік серік болсын дегім келеді. Өйткені, спортта баптан бөлек, бақтың да рөлі үлкен. Егер сәтін салып, осы жолдамаға иелік ететін болсақ, бұл Қазақтан үшін тарихи лицензия болмақ. Бүгінге дейін семсерлесуден Қазақстан құрамасы толық құрамда Олимпиадаға қатысып көрмеген", - деді Байтасов. 

Қазіргі таңда Қазақстан командасы Грузияда оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Құрамадағы 12 спортшының ішінен төрт спортшы жолдамаға таласады. Олар - Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов төрттігі.

"Құраманың ардагер спортшысы Эльмир Әлімжанов командалық жарысқа түбегейлі дайындалу үшін жекелей сыннан бас тартып отыр. Бұл лицензияның біз үшін қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ аңғарсаңыздар болады. Эльмир бар күшін командалық сынға сақтап, қалпына келіп, артық күш жұмсамау үшін осындай қадамға барды. Ал қалған спортшылардың барлығы жекелей сында өнер көрсетеді", - дейді жаттықтырушы. 

Егер Тбилисидегі әлем кубогі кезеңінде қазақстандық сәтті өнер көрсетіп, жолдамаға қол жеткізетін болса, Қазақстанға Париж Олимпиадасының төрт жолдамасы беріледі. Оның үшеуі жекелей сынға, біреуі тұтас командаға табысталмақ. 

Айта кетелік, Грузиядағы әлем кубогі кезеңінде шпагамен семсерлесуден Қазақстан командасы Азия құрлығындағы жалғыз жолдамаға таласады. Әлемдік ұйым қағидасы бойынша, олимпиадалық рейтингте алғашқы төрт орында тұрған командалар автоматты түрде жазғы ойындарға қатысады. Ал қалған құрамалары құрлыққа бөлінетін бір жолдаманы сарапқа салады. 

Қазіргі кезеңде Қазақстан командасы олимпиадалық рейтингте бесінші орында тұр. Соңғы рет Қазақстан командасы Оңтүстік Кореямен Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында кездесіп, ірі есеппен ұтқан болатын. 

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: