Садақ атудан Азия кубогі: қазақстандық спортшылар Париж қарсаңындағы беделді жарыстан үш жүлде алды
Сувондағы Азия кубогінде Қазақстан құрамасы үш медаль жеңіп алды. Блоктық садақ атудан Адель Жексенбинова мен Андрей Тютюн аралас жұптық сында қола жүлдегер атанса, жекелей сында Тютюн алтын медаль жеңіп алды. Ал классикалық садақ атудан Ильфат Абдуллин күміс жүлдеге қол созды.
Сурет: olympic.kz
Жексенбинова мен Тютюн жұбы құрлық додасында айтарлықтай жоғары нәтиже тіркеді. Олар алдымен Ирак спортшыларын жеңіп, кейін Үндістанмен тең түссе, қола медаль үшін өткен кездесуде Қытайлық Тайпейден басым түсті. Бұл аталған спортшылардың жұптық сындағы алғашқы жүлделерінің бірі. Аралас командалық сында Оңтүстік Корея топ жарса, күмісті Үндістан еншіледі.
Андрей Тютюн жекелей жарыста алғаш рет алтын медаль жеңіп алды. Турнир барысында ол Үндістан мен Малайзия спортшыларынан басым түсіп, финалда Оңтүстік Корея атлеті Ех Лиді 147:145 есебімен жеңді. Ол отандық садақ ату спортындағы жаңа есімдердің бірі.
Сурет: olympic.kz
Ал Париж Олимпиадасында бақ сынайтын Ильфат Абдуллин ұзаққа созылған жеңілістер сериясына нүкте қойды. Қазақстан командасының үздігі Лондон Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының екі дүркін қола жүлдегері, жапондық Фурукава Такахаруды жеңді. Кейін тайпейлік спортшыдан басым түсіп, финалда Оңтүстік Корея өкілі Ким Хаджунға 2:6 есебімен жол берді.
"Бұл турнир менің мықты және әлсіз жақтарымды анықтауға көмектесті. Немен жұмыс істеу керектігін тағы да бір ой елегінен өткіздім. Мен үшін қажетті ақпаратқа толы болды турнир.Азия кубогіне мықты деген спортшылар түгел жиналды. Олардың арасында Олимпиада жүлдегерлері мен Азия ойындарының чемпиондары бар. Дәл қазіргі кезеңде біз бапкерлер нұсқауымен Олимпиада қызу дайындалудамыз. Біздің міндет - бар білетінімізді көрсетіп, бар күшімізді салу. Қалғанын жарыс көрсетеді", - дейді Абдуллин жарыстан соң.
Классикалық садақ атудан аралас командалық сында өнер көрсеткен Дәулеткелді Жаңбырбай мен Алина Ілиясова жұбы қола медаль үшін таласта жеңіліс тапты.
"Бұл жарыс біз үшін Олимпиада қарсаңындағы маңызды турнирлердің бірі. Медальсыз қалғанымыз аздап қынжылтады. Десе де, бұл үлкен тәжірибе болды", - дейді Дәулеткелді.
Сурет: olympic.kz
Бас бапкер Артем Кичкин команданың Азия кубогіндегі нәтижесіне жоғары баға берді.
"Спортшыларымыздың аяқ алысы жақсы. Енді осы қарқынмен Антальяда (Түркия) өтетін әлем кубогінің соңғы кезеңіне қатысамыз. Содан соң, Париж Олимпиадасына дайындаламыз. Жазғы ойындарға дайындық ойдағыдай жүріп жатыр. Кішкене қиындықтар бар, бірақ мұның бәрін еңсереміз", - дейді бас бапкер.
Енді Қазақстан құрамасы Түркиядағы әлем кубогі кезеңіне қатысады. Шешуші сайысқа садақ атудан Қазақстан әйелдер құрамасы да қатысады.
Атап айтар болсақ, Алина Ілиясова, Диана Тұрсынбек және Елизавета Авдеевалар өз мүмкіндіктерін сынап, соңғы жолдамаларды жеңіп алуға тырысады.
Кубоктік кезең 13-17 маусым аралығына жоспарланған.