Дмитрий Попко Румыниядағы жарыстың финалына шықты
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 146, осы жарыстың 2-ракеткасы, америкалық Николас Морено Де Альборанмен сынға түсті.
Попко ширек финалда камбэк жасаса, бұл жолы да солай болды. Бірінші партияда тай-брейкте америкалық спортшы ширақтық танытты – 7:6 (7:2). Есесіне бұдан кейін Попко қарсыласын тықсыра білді – 6:2, 6:2.
Екі сағат 47 минутқа созылған тартысты матчта Дмитрий 8 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Америкалық теннисші 8 эйс, 3 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
Дмитрий Попко соңғы бәсекеде әлемнің 214-ракеткасы, боливиялық Муркель Алехандро Деллиен Веласкомен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 244-сатыдағы босниялық Нерман Фатичті жолдан тайдырды – 6:3, 6:2.