Парижге қазақстандық спортшылардың алғашқы легі келіп жетті
Ұлттық олимпиада комитетінің хабарлауынша, олардың қатарында 25 шілде күні жарысты бастайтын садақ ату шеберлері де бар.
Олимпиада қалашығы Париждің солтүстік жағында орналасқан, аумағы 52 гектарды құрайды. Инфрақұрылымда қажеттінің бәрі бар: 40 тұрғын үй, жаттығу корпустары, емхана, асхана және басқа да нысандар. Атлеттердің көңіл көтеруіне арналған клубтар да бар.
Команда үздіктерінің бірі Ильфат Абдуллин кішігірім репортаж жасап, қазақстандық олимпиадашылардың қалай өмір сүретінін көрсетті.
Сурет: ҰОК
"Біз бүгін таңертең жайғастық. Тек таңғы ас ішіп үлгердік. Біздің команда Қазақстан құрамасы сапынан алғаш боп орналасты. Енді қалған спортшыларымызды қарсы аламыз. Жағдай жақсы, олимпиада атмосферасы керемет сезіледі. Бәрі әдемі әрі жайлы. Асхана жайлы толық ештеңе айта алмаймын. Әзірге, мәзірмен толық таныспадық. Мұнда бәрі бар деп ойлаймын. Одан бөлек, қосымша тамақтану орындары, кофеханалар бар", - дейді Абдуллин.
Оның айтуынша, тұрғын үйлер жайлы әрі ыңғайлы.
"Бөлмеде бізге керектінің бәрі бар. Тек кондиционер жоқ (күлді). Десе де, олимпиадалық ауылдағы жағдайдың жақсы екенін айтқым келеді. Еріктілер жақсы көмектесіп жатыр", - дейді спортшы.
Сурет: ҰОК
Олимпиадалық қалашықта 14,5 мыңдай адам тұрады. Оның ішінде 9 мың спортшы бар. Қазақстан командасы спорттың 25 түрінен 80 спортшыны жарысқа қосады.