Париж-2024: ағылшындар өзбек боксының бас жаттықтырушысының өмірін сақтап қалды
The Guardian ақпаратынша, Тулкин Киличев жаттығу аймағында "алтынды" тойлау кезінде, өзін нашар сезінген. Осы сәтте Ұлыбритания құрамасының дәрігерлері Хардж Сингх пен Робби Лиллис дереу көмек көрсетіп, дефибрилляторды қосып, жаттықтырушыға жасанды тыныс берді.
Көп ұзамай тәлімгер есін жиды.
"Олар жаттығу аймағында болды. Бір кезде қуаныштың даусына ұқсамайтын айқайларды естідік. Олар дәрігерлерді шақырып, көмек сұрай бастады. Мен барған кезде әріптесім жүрек-өкпе реанимациясын жасап жатты. Адамдарды тарату үшін бізге біраз уақыт қажет болды. Киличевтің жүрек соғу жиілігін талдағаннан кейін электр тогын қолдану туралы шешім қабылданды". Ағылшын физиотерапевті Робби Лиллис
10 тамызда Парижде Бокстан олимпиадалық турнир аяқталды. Жарыстың бұл түрінен өзбек споршылары бес алтын медальды қанжығаларына байлады. Бұл жетістікке Хасанбой Дусматов, Әбдімәлік Халоков, Асадхуджа Муйдинхуджаев, Лазизбек Муллажонов және Баходир Джалолов жетті.
Қазір 41 жастағы Тулкин Киличев Париж клиникаларының бірінде емделіп жатыр.
Сурет: Instagram/tulkin_kilichev
Тулкин Киличев 2014 жылдан бастап бокстан Өзбекстан құрамасын дайындайды. Оның шәкірті Хасанбой Дусматов осы уақыт ішінде өз елі үшін екі "алтын" жеңіп алды. Парижге дейін ол 2016 жылы Рио-де-Жанейро ойындарында бірінші орын алған болатын.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасында біздің спортшымыз Сәкен Бибосынов дәл осы Дусматовқа есе жіберген болатын.