"Бізде бітпеген іс бар": Жәнібек Әлімханұлы Канелоға үндеу жасады
Сурет: Instagram/janibek_alimkhanuly
Спортшы 2026 жылғы 21 шілдеде Instagram парақшасындағы Stories бөлімінде испан және қазақ тілдерінде қысқа үндеу жариялады.
"Канело сенің салмағыңа келдім! Бізде бітпеген іс бар", – деп жазды қазақстандық былғары қолғап шебері.
Бұл ретте, WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы ресми түрде екінші орта салмақ дәрежесіне ауысқанын жариялап, алдағы жоспары туралы айтты.
"Орта салмақты біраз шулатып, екі бірдей Әлем чемпионы титулын иелендік! Qazaq style-ды осы салмақта әлемдік аренаға алып шықтық. Орта салмақ боксшыларының түнгі қорқынышы атандық. Талай қызықтар мен қиындықтарды, қуаныштар мен сәтсіздіктерді де осы салмақта бастан өткердік! Осы салмақта әнұран шырқатып, көк ту желбіреттік! Жанкүйерлерге естен кетпес өнер көрсетіп, жарқын нокауттар сыйладық!", – деп жазды Әлімханұлы.
Боксшының айтуынша, салмақ дәрежесін ауыстыру туралы шешім командасымен, промоутерімен және менеджерімен бірлесіп қабылданған.
"Енді осы ісімізді суперорта салмақта жалғастырамыз! Осы салмақта біраз атақты боксшылар бар. Менің салмағымда болғандар қазір осы суперорта салмақта өнер көрсетіп, чемпион атануда. Соларды біраз қинайық. Бұрыннан айтып жүретініміздей, біз 3-4 салмақтың чемпионы боламыз, бұйыртса! Ал, жанкүйерлер! Суперорта салмаққа қош келдік!",- делінген спортшының жазбасында.
Айта кетейік, "Qazaq Style" лақап атымен танымал Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың көктемінде Астанада өткізіп, Конго өкілі Ануэль Нгамиссенгені нокаутпен жеңген. Ал 3 желтоқсанда оның ағзасынан мельдоний табылып, соның салдарынан тарихи жекпе-жегі өтпей қалды. Одан екі апта өткен соң Жәнібек Әлімханұлы әлемнің үздік орта салмақтағы боксшыларының рейтингінен шығарылды.
Бұған дейін Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков допинг дауына қатысты пікір білдіріп, IBF ұйымының Жәнібек Әлімханұлын әлем чемпионы атағынан айыру туралы шешіміне өз бағасын берген болатын.
