VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан үш алтын және бір қола медаль жеңіп алды

Нұрсұлтан Есімбай, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Қазақстан, алтын медаль, қола медаль  , сурет - Zakon.kz жаңалық 02.09.2026 17:52 Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан құрамасы 2 қыркүйекте VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында үш алтын медаль және бір қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы аударыспақтан (эр эңиш) екі алтын медаль жеңіп алды.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрталап Керім финалдық белдесуде Қырғызстан спортшысынан басым түсіп, жарыс чемпионы атанды. Ал 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сайлау Мұхаммеджан да финалда қырғыз спортшысымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Бұл – Қазақстан құрамасының дүбірлі додадағы алғашқы алтын медальдары. Аударыспақ – ат үстінде күш пен ептілікті, шапшаңдық пен батылдықты талап ететін қазақтың дәстүрлі ұлттық спорты. Бүгінде елімізде 11,5 мыңнан астам адам аударыспақпен тұрақты түрде шұғылданады.

Сондай-ақ Абзал Тұлыбеков те VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды.

"Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жамбы атудан (қырғыз стилі бойынша) Қазақстан құрамасының спортшысы Абзал Тұлыбеков үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленді! Дәлдік пен мергендікті, шеберлік пен сабырды талап ететін ұлттық спорт түрінен Абзал Тұлыбеков қарсыластарынан басым түсіп, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды", делінген ресми хабарламада.

Ал таяқ тартудан (маст-рестлинг) Қазақстан құрамасының спортшысы Нұрсұлтан Есімбай 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ІІІ-орын иеленді.

Осылайша, отандасымыз жарыстың қола жүлдегері атанып, Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті медальді қосты.


Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: