Дмитрий Попко World Tennis Tour турнирлер сериясында айдың үздік ойыншысы атанды
Сурет: ktf.kz
29 жастағы қазақстандық спортшы маусымның бұл кезеңін өте сәтті өткізіп, 20 матчтың 19-ында жеңіске жетті. Осы аралықта Попко M15 санатындағы үш турнирде чемпион атанып, тағы бір жарыста финалға дейін жетті.
Қазақстандық теннисші Цахкадзорда (Армения) өткен M15 санатындағы екі турнирде қатарынан жеңімпаз атанды. Алғашқы жарыстың финалында Попко аргентиналық Игнасио Монсонды 6:3, 6:4 есебімен жеңсе, бір аптадан кейін шешуші матчта Дмитрий Бессоновтан 6:3, 6:2 есебімен басым түсіп, тағы бір жүлдені иеленді. Екі турнир де ашық грунт корттарында өтті.
Одан кейін Қазақстан өкілі сәтті сериясын жалғастырып, Телавиде (Грузия) өткен M15 турнирінде жеңіске жетті. Сондай-ақ Попко Куршумлия-Банядағы (Сербия) M15 турнирінің финалына дейін жетті.
Бұл сәтті кезең Попко үшін биылғы маусымдағы ең жарқын нәтижелердің бірі болды. ITF мәліметінше, 2026 жылы қазақстандық теннисші кәсіби деңгейде өткізген 43 матчтың 30-ында жеңіске жетті. Әсіресе грунт төсенішінде нәтижелі өнер көрсетіп, 30 кездесудің 23-інде жеңіске жеткен.
Сәтті өнер көрсеткені үшін World Tennis қазақстандық теннисшіні World Tennis Tour Men's Player of the Month жеке марапатымен атап өтті.