2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемалары таныстырылды

2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемалары таныстырылды, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.10.2026 16:20 Сурет: telegram/olympickz
Аустралияда 2032 жылы Брисбенде өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемалары таныстырылды. Дизайнның негізіне елдің табиғи және мәдени ерекшеліктері алынған, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР ҰОК баспасөз қызметінің мәліметінше, эмблемалардың негізгі элементтері – Аустралияда мекендейтін какадудың екі түрі. Олимпиада ойындарының символы ретінде қызғылт какаду, ал Паралимпиада ойындары үшін сары айдарлы какаду таңдалған.

Дизайнда өзге де символдар көрініс тапқан. Құстардың айдарларынан Квинсленд штатының сұлбасын көруге болады. Ал Олимпиада және Паралимпиада алауы бірлік, үміт пен шабытты білдіреді. Үш және екі қауырсынның орналасуы Аустралияның 2032 жылы жазғы Олимпиада ойындарын тарихта үшінші рет қабылдайтынын меңзейді.

Какаду бейнесінің Аустралияның байырғы халықтары үшін де маңызы зор. Олардың мәдениетінде бұл құстар жермен және дәстүрлермен байланыстырылады. Сондай-ақ олар адамдарды мекендермен, тарихпен және салт-жоралғылармен байланыстыратын хабаршылар ретінде қабылданады.

Екі эмблемада да арнайы әзірленген қаріппен Brisbane 2032 деген жазу бар. Олимпиада нұсқасында бес сақина, ал Паралимпиада нұсқасында агитос белгісі бейнеленген.

Ойындардың жаңа символдары Квинслендтің әртүрлі бөліктерінде кезең-кезеңімен таныстырылды. Дизайнның алты жеке элементі өңірдегі бес жерде, соның ішінде Үлкен тосқауыл рифінде, Касл-Хиллде, Рокгемптон жағалауында, Уайлдхорс тауында және Каррамбин жағажайында көрсетілді.

Кейін барлық элемент Брисбендегі Саут-Бэнк ауданында алғаш рет толыққанды екі эмблемаға біріктіріліп таныстырылды.

Жаңа эмблемалар алдағы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарының визуалды безендірілуіне негіз болады. Ал ойындардың бойтұмары немесе бойтұмарлары кейінірек таныстырылады.

Брисбендегі жазғы Олимпиада ойындары 2032 жылғы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында, ал Паралимпиада ойындары 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді.

Ал 10 күннен кейін Жапонияның Айти-Нагоя қаласында V Азия Паралимпиада ойындары басталады. Қазақстан құрамасынан жарысқа ел намысын 150 спортшы қорғайды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: