Кукушкин Almaty Open турнирінен кейін кәсіби мансабын аяқтайды
Сурет: ktf.kz
Кездесуден кейін Кукушкин баспасөз мәслихатын өткізіп, кәсіби мансабын аяқтау туралы шешімінің себептері, теннистегі көпжылдық жолы және соңғы турнирін өз жанкүйерлерінің алдында өткізудің маңызы туралы айтып берді.
Бұған дейін кәсіби мансабын аяқтайтынын мәлімдеген тәжірибелі қазақстандық теннисші бұл шешімге келу оңай болмағанын мойындады. Соңғы бірнеше маусым нәтижелер тұрғысынан күрделі өтті. Мықты қарсыластарды бірнеше рет жеңгеніне қарамастан, спортшы әлемдік рейтингте өзі қалаған деңгейге көтеріле алмады.
"Менің ойымша, уақыты келді. Соңғы екі жыл нәтижелер жағынан мен үшін өте қиын болды, дегенмен бар күшімді салдым. Мықты теннисшілерді жеңген кездерім болды, бірақ рейтингте өзім қалаған деңгейге көтеріле алмадым. Әрине, жас та өз әсерін тигізеді, мен енді 18 жаста емеспін. Биыл көктемде мансабымды аяқтайтын уақыт келгенін түсіндім", — деді Кукушкин.
Спортшының айтуынша, Қытайдағы турнирлер сериясы кезінде өткізген соңғы матчтарының бірі қабылдаған шешімінің дұрыстығына көзін жеткізген.
"Қытайда қатарынан төрт турнирге қатыстым. Соңғы матчта үш сетте жеңіліп қалдым, олардың әрқайсысы тай-брейкпен аяқталды. Кортта 3 сағат 50 минут өткіздік. Осыдан кейін ойланып қалдым: төрт сағатқа жуық ойнап, бар күшімді саламын, бірақ рейтингтегі орным әлі де өзім қалаған деңгейден алыс. Сондықтан бұл дұрыс әрі дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймын", — деді теннисші.
Сонымен қатар Кукушкин кәсіби спортпен қоштасқаннан кейін ең алдымен жарыстардың ерекше атмосферасын және корттағы эмоцияларды сағынатынын атап өтті.
"Мен кортта сезінетін эмоцияларды міндетті түрде сағынамын. Әсіресе Дэвис кубогындағы матчтарды, сондай-ақ жекелей турнирлердегі кездесулерді. Қол жеткізген жеңістеріміз бен сол сәттердегі қуаныш — өмір бойы жадыңда қалатын ұмытылмас естеліктер", — деді Михаил.
Теннисші үшін соңғы турнирін Қазақстанда, өз жанкүйерлерінің алдында өткізу мүмкіндігі ерекше маңызды болды. Кукушкиннің айтуынша, мансабын аяқтау туралы шешім қабылдағаннан кейін ол екі нұсқаны қарастырған: Қазақстандағы Дэвис кубогының үйдегі кездесуі немесе Almaty Open турнирі.
"Мен үшін мансабымды дәл осы жерде, өз елімде аяқтау өте маңызды болды. Осындай шешім қабылдаған кезде соңғы турнирім Қазақстандағы Дэвис кубогы немесе Almaty Open болуы керек екенін бірден түсіндім. Өз кортымда, туған жанкүйерлерімнің алдында мансабымды аяқтау – менің арманым", – деп атап өтті теннисші.
Кукушкин кәсіби мансабының барлық кезеңінде көрсеткен көпжылдық қолдауы үшін Қазақстан теннис федерациясына және оның президенті Болат Өтемұратовқа жеке алғысын білдірді.
"Қазақстан теннис федерациясына және жеке Болат Жәмитұлы Өтемұратовқа осы жылдар бойы көрсеткен қолдауы мен маған артқан сенімі үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ осы турнирге арнайы шақырту (wild card) бергендері үшін ризамын. Мансабымды аяқтауды жоспарлап отырғанымды айтқан кезде маған бірден арнайы шақырту ұсынды. Өз кортымда, жанкүйерлерімнің алдында кәсіби жолымды аяқтау мүмкіндігі мен үшін өте маңызды", — деді Кукушкин.
Михаил Кукушкин Almaty Open ATP 250 турнирінің негізгі кезеңіне арнайы шақырту (wild card) алды. Осылайша, қазақстандық теннисші кәсіби мансабындағы соңғы турнирін Алматыда өткізіп, отандық жанкүйерлерінің қолдауын сезінуге мүмкіндік алды.
Almaty Open ATP 250 турнирі 17–25 қазан аралығында Almaty Arena аренасында өтіп жатыр. Бұл — Орталық Азия мен ТМД елдері аумағында өткізілетін осы санаттағы жалғыз турнир.