О кісі Тоқаевқа толықтай сенбейді – саясаттанушы
Күні кеше "Nur-Otan" партиясы өз сьезінде партияның атынан президент сайлауына кандидат етіп Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан шығарды. Тоқаев алдағы сайлауда қанша пайыз дауыс алуы мүмкін, Тоқаевқа сенуге бола ма, деген сұрақтарға қазақстандық тәуелсіз сарапшылар жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz Азаттық тілшілері жинап-теріп ұсынған сұхбаттарға сілтеме жасап.
– Тоқаевтың 60 немесе 70-тен асатын рейтингі жоқ екені анық. Жаңадан келіп жатыр, бұрын саяси додаға қатыспаған адам. Сенат басқарса да, тікелей ашық алаңда көп жүре бермеген адам ғой. Билік үшін де осы сайлаудың басты ерекшелігінің бірі – үлкен пайыздар қысымы деген жоқ, әрине. Яғни, 99 пайыз, 97 пайыз дауыс алып беру керек деген қысым жоқ, – дейді саясаттанушы Айдос Сарым.
– Кейбіреулер Тоқаевта мінез жоқ дейді. Жооқ, мінез бар онда. Сондықтан бұл жігіт біраз уақыт лоялды болады, сосын біраздан кейін ақырындап билікті өзіне тарта бастайды. Оған ешкім бәсекелес бола алмайды, тіпті легитимдікті де бермейді. Сондықтан нақты легитимдік болуы үшін бір Ермұрат Бапи жеткіліксіз, Қосанов жеткіліксіз, шетелден Жақиянов, Әблязовтарды шақыру керек, – дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.
– Билік осыған дейін авторитарлық жүйенің көрінісі ретінде, сайлау процесін алдын ала ұйымдастырып, яғни, осындай нәтижеге жеткізіп, өз кандидаттарының толыққанды жеңіп шығуына қажетті барлық шараларды қабылдап қойды. Егер сайлау таза, әділ өтетін болса, ол сайлауда біздің үміткеріміздің жеңіп шығатын мүмкіндігі бар, – дейді ЖСДП төралқа мүшесі Мейрамбек Қамалов.
– Саяси құрылым жайлы айтқанда, адамдарға да заңдарды жиі оқу керек. Белгілі бір конституциялық пункт бар, соған сәйкес, президент қандай да бір адамды бас прокурор немесе ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымына тек қана Сенаттың келісімімен тағайындай алады. Бұл кездейсоқ емес, шартты түрде Тоқаев өз адамдарын бас прокуратура немесе ұлттық қауіпсіздік комитетіне тағайындағысы келеді делік. Бұл Қазақстан билігіндегі маңызды лауазымдар. Тоқаев мұны Сенаттың келісімінсіз жасай алмайды, ол жерде президенттің қызы отыр. Бұл жерде ізбасары болса да, президенттің Тоқаевқа толықтай сенбейтінін көреміз, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.