Көлсайда мұзды суға сүңгіп, итті құтқарған Уәлихан Бейсабаевпен сұхбат
Видеодағы жігіт – 28 жастағы қарағандылық Уәлихан Бейсабаев. Ол жұбайымен бірге еңбек демалысын алып, Алматыға қыдырып келген. Өзі Алматыға бірінші рет келіпті. Жас жұбайлар тур сатып алып, демалыс күндері Көлсайға қыдырып барған. Оқиға 2 сәуір күні күндіз сағат 15.00-дерде болыпты.
Уәлихан мен жұбайы Дария Көлсай маңында көппен бірге серуендеп жүргенде көлдің ортасында иттің суға батып бара жатқанын көрген. Уәлихан итті көре сала тыпыршып, үстіндегі киімін шеше бастайды. Жұбайы екеуі бірдей бір-біріне «Не істейміз?» деген екен. Дария «Қарап тұра береміз бе?» деп жатқанда Уәлихан бірден суға түсіп, сүңги жөнеледі.
Сол қысылтаяң сәтте екеуіміз бір-бірімізге қарап, не істерімізді білмей тұрып қалдық. Мен шешініп жатқанда ол «Тұра береміз бе?» деді. «Бар, құтқар!» деп айтуға да жүрексінген шығар. Себебі судың тереңдігін, беті мұз болып жатқанын көріп тұр. Негізі мұз жұқа ғой деп ойлаған едім. Ортасына қарай мұз қалыңдай берді, оны жару қиынырақ болды. Сондықтан таспен ұрып, мұзды сындырып итке қарай жеттім. Ит те жарады. Ол да қайтарда көмектесіп, менімен бірге жүзді. Судан шығып келе жатқанда әйелім үстіндегі киімін шешіп, бері қарай келе жатты. Маған қарай келе жатыр ма деп ойласам, иттің үстін жауып, жануарға жанашырлық танытқаны екен. Ал мен қатты тоңғаннан автобусқа жүгіріп, жылынуға кіріп кеттім.Уәлихан Бейсабаев
Уәлихан Бейсабаевтың сол күні аузы берік болған, ораза тұтқан. Бірақ судан шыққан сәтте онысын ұмытып кетіп, адамдар берген кофеден 1-2 жұтым ішіп жіберіпті. Содан кейін ғана аузын бекіткені есіне түсіпті.
Аузым берік екені кейін есіме түсті. Тоңғаннан ұмытып кетіппін, – дейді батыр.
Уәлихан 1-деңгейлі фельдшер болып жұмыс істейтіндіктен көбіне өртсөндірушілер мен құтқарушылардан бұрын барып алады екен. Сондай сәттерде қарап тұрмай адамдарды өрт болып жатқан үйден шығарған, оларға көмектескен сәттері болыпты. Бірақ ол қыста бірінші рет суға осы жолы итті құтқару үшін түсті. Суда жүзумен де бұрын айналысқан емес.
Cурет Уәлихан Бейсабаевтың жеке архивінен
Қорыққаннан бұрын «құтқару керек» деген инстинкт болған сияқты. Уәлихан Бейсабаев
Уәлихан Бейсабаев видеоға түсіп қалғанын өзі білмеген. Әлеуметтік желіде тарап жатқан ерекше сәтті ол жексенбі күні таңертең көріпті.
Адамдар видеоға түсіреді деп ойламадым. Көргенде таңғалдым. Мұндай реакцияны күтпедім.Батыр Уәлихан
Сурет Уәлихан Бейсабаевтың жеке архивінен
Дәрігер Уәлихан Бейсабаев адамдарды емдеп қана қоймай, жануарларға да жанашыр болу керек деп есептейді. Өзі жан-жануарды қатты жақсы көретінін айтты.
Бала кезден жануарды жақсы көремін. Ауылда өстік. Әкем бүкіл жануарға мейіріммен қарайтын. Үйдегі мал қыста тоңып қалмасын деп жылы жағдай жасайтын. Соны көріп өскеннен шығар. Тірі жанның бәрі мейірім мен жанашырлыққа лайық.Фельдшер Уәлихан Бейсабаев
Жануарды өлімнен құтқарып қалған батыр қазақстандықтарға сәлем жолдады. Ол өзгелердің мұндай әрекетті ойланып жасағанын қалайды.
Адамдар бір-біріне мейірімді, жанашыр болсын. Бірақ бір айтарым: менің ісімді ешкім бірден қайталамасын. Себебі су өте терең, мұз қалың. Оның үстіне ондай жағдайда адамның аяқ-қолы тартылып қалса, қимылдай алмай қалады. Бұл – адам өміріне өте қауіпті әрекет.Уәлихан Бейсабаев
Оқи отырыңыз