Дариға Назарбаева 1963 жылы 7 мамырда туған. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. Ғылыми атақтары мен дәрежелері: тарих ғылымдарының кандидаты, саясат ғылымдарының докторы, ҚР Журналистика академиясының академигі, Халықаралық телерадио академиясының академигі, «Еуразия» халықаралық экономикалық академиясының корреспондент-мүшесі.
Дариға Назарбаева еңбек жолын «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының вице-президенті болып бастады. «Қазақстан телерадиосы» республикалық корпорациясының вице-президенті – «Хабар» Ұлттық телехабар агенттігінің директоры болды. Одан кейін «Хабар» агенттігі» ЖАҚ директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті қорының директоры, премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарды.
Дариға Назарбаева ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті төменгі палатасының вице-спикері, Nur Otan фракциясының жетекшісі болып сайланды. Ол сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Парламенті жоғарғы палатасының төрағасы болды. 2021 жылдың қаңтарынан бері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің мүшесі. Nur Otan Саяси кеңесі бюросының мүшесі.