Жақында WhatsApp қолданушыларына тиімді функция ұсынылады
Фото: unsplash
Бұл туралы GSMArena басылымы жазды.
Жаңа функция іске қосылғаннан кейін банктерден, әуе компанияларынан және басқа да ірі ұйымдардан келетін қызметтік хабарламалар негізгі чаттар тізімінде тұрмайды. Олар автоматты түрде арнайы жеке бумаға (папкаға) жіберіледі. Мұндай хабарламалардың қатарына банк хабарламалары, әуе компанияларының ескертулері, түрлі жеңілдіктер мен акциялар туралы ақпарат және интернет-дүкендердегі тапсырыстың жеткізілу мәртебесі туралы хабарламалар кіреді.
Қазіргі уақытта WhatsApp бұл хабарламаларды жаңа бумаға қанша уақыттан кейін автоматты түрде көшіру керектігін сынап жатыр. Қарастырылып отырған ең ұзақ уақыт – 24 сағат.
Қолданушылар бұл мүмкіндікті қаласа, баптаулар (параметрлер) арқылы толықтай өшіре алады. Алайда хабарламалардың қанша уақыттан кейін ауыстырылатынын өз қалауынша өзгерту мүмкіндігі әзірге қарастырылмаған.
Әзірге бұл жаңарту тек ірі компаниялардан келетін хабарламаларға ғана қатысты.
Алдын ала мәлімет бойынша, болашақта WhatsApp бұл мүмкіндікті кеңейтіп, шағын бизнес өкілдерінен келетін хабарламаларды да автоматты түрде жеке бумаға көшіруді жоспарлап отыр.