КҚК-дағы төтенше жағдай: Қазақстан мұнай өндіруді толығымен қалпына келтірді
Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсында жарияланған ақпарат бойынша, кездесу барысында мұнай құбырының өткізу қабілетіне қойылған шектеулер алынып тасталғаны, қазақстандық жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау толық көлемде қалпына келтірілгені айтылды. Айлақтың барлық құрылғылары жұмыс істеп тұр.
Сурет: primeminister.kz
КҚК теңіз терминалында зақымдалған жылжымалы айлақ құрылғыларын жөндеу жұмыстары аяқталғанына қуаныштымыз. Бұл шектеулерді алып тастауға және Қазақстанда мұнай өндіруді толық көлемде қалпына келтіруге мүмкіндік берді.ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов
Әлихан Смайылов Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін қосымша мұнай көлемін тасымалдау үшін КҚК құбыр жүйесінің осал жерлерін жою жобасын уақытылы іске асырудың маңыздылығына тоқталды.
КҚК мұнай құбырын одан әрі апатсыз және үздіксіз пайдалануды қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл үшін барлық қажетті шараларды қабылдау керек деп санаймын.Әлихан Смайылов
КҚК мұнай құбыры Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған ірі кен орындарынан мұнай экспорттаудың ең төте жолын және неғұрлым тиімді экономикалық жағдайларды қамтамасыз етеді. 2021 жылы Қазақстаннан құбыр арқылы 53,1 млн тонна мұнай, 2022 жылғы қаңтар-сәуір айларында 18,7 млн тонна мұнай тасымалданды.