Ақшолақов АЭС туралы: Қауіпсіздік тұрғысынан барлық жағдайды ескергіміз келеді
Болат Ақшолақов атом электр станцияларын салуда ең бірінші кезектегі мәселе қауіпсіздік екенін атап өтті.
БАҚ өкілдері Жапониядағы Фукусима-1 атом электр станциясы мен Чернобыль атом электр станциясындағы апатты мысалға келтіре отырып, министрден Қазақстанда мұндай жағдайдың қайталану ықтималы қандай екенін сұрады.
Министр Жапония мен Қазақстанның ең басты айырмашылығы ретінде еліміздің құрлықтың тап ортасында орналасқанын, ал Жапонияның тектоникалық плиталардың қозғалысы кезінде пайда болған аралдық мемлекет екенін атап өтті.
Жапония – сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймақ, өйткені ол ел жерасты плиталарының сейсмикалық белсенділігі нәтижесінде қалыптасқан. Барлық жапон станциялары жобаланған кезде, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін максималды мүмкін болатын сейсмикалық соққылар тұрғысынан жобаланады. Фукусимаға келсек, менің білуімше және оқыған материалдарым бойынша, станцияны салған кезде олар су астындағы жер сілкіністерінің максималды деңгейін, белгілі бір магнитуданы белгілемек болған. Бірақ бұл (құрылыс – ред.) жұмыстардың құнын қымбаттатып, мерзімін ұзартуға әкеп соқтырды. Назардан тыс қалды, содан болар іс болды. Цунами болғанда, станция оған дайын болмаған тәрізді.Болат Ақшолақов
Министр Қазақстанда жағдай мүлде басқа екенін алға тартты.
Тіпті мұндай жағдайларды да жойғымыз келеді. Оның үстіне, тізімде бар технологиялардың барлығы Фукусимадағы жағдайды ескереді. Сондықтан тектоника жағынан Үлкен ауылы Фукусима стансасы орналасқан аймаққа ұқсамайтынын ескерсек те, оны барынша қауіпсіз еткіміз келеді. Негізінде, материктік станциялардың көпшілігі, Франциядағы және т.б., олардың барлығы материктің қақ ортасында орналасқан және осы тұрғыдан алғанда қауіпсіздеу саналады. Болат Ақшолақов
Оның айтуынша, Чернобыльдегі жағдай – мүлде басқа жағдай, және ол жер сілкінісінен емес, станция циклінің жұмыс режимінің бұзылуы және қауіпсіздік жүйесінің тоқтап қалуы себепті болды.
Қауіпсіздік жүйесі өшіріліп, автоматика іске қосылмады. Жағдайлар әртүрлі, бірақ салдары жаман. Бірақ біздің станцияның құрылысы кезінде осы жайттардың барлығын ескереміз. Біз тарихқа үңіліп, Қазақстанда бірінші атом электр станциясын салу кезінде қауіпсіздік тұрғысынан барлық жағдайды ескергіміз келеді. Болат Ақшолақов