Заңгер кеңесі: жеке сот орындаушысы алимент түсетін шотты бұғаттай ала ма
Сотта атап өтілгендей, несиелік қаражатты өтеуде қаржылық қиындықтар туындаса, алимент және басқа да тұрақты төлемдер түсетін банк шоттары бұғатталуы мүмкін. Осыған орай борышкерлерде «Сот орындаушылардың баланың алиментін бұғаттауға құқығы бар ма?» деген сұрақ туындайды.
Ал, заңнамаға сәйкес, алимент төлемдері баланың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, сондықтан оны сот орындаушылары бұғаттай алмайды.
Сот орындаушысы алимент түсетін шотты бұғаттап тастаса, не істеу қажет?
Егер сіз кәмелетке толмаған балаларды асырап отырған алимент алушы болсаңыз немесе жәрдемақы мен әлеуметтік жәрдемақы алсаңыз, онда сізге арнайы шот ашу қажет.
Арнайы шот – бұл «қол сұғылмайтын» банк шоты, егер қарыз алушының мерзімі өткен несиелік берешегі болса, ондағы қаражат үшінші тұлғаның ақша өндіріп алуынан толықтай қорғалған.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңының 62-бабына сәйкес, арнайы шоттағы ақшаға тыйым салуға, банктер мен банктік емес ұйымдардың төлем талаптары бойынша, сот орындаушыларының инкассолық өкімдері бойынша өндіріп алуға жол берілмейді.
Арнайы шотты мемлекеттен төленетін әлеуметтік төлемдер мен басқа да төлемдерді алушылар, алимент алушылар немесе білім беру жинақтау салымдарының иелері аша алады.
Мұндай шотты ашу үшін банкке арнайы шоттың мақсаты көрсетілген өтініш беру қажет.
Бұл ретте алимент алушылар алимент өндiрiп алу туралы сот актiсiнiң немесе оларды төлеу туралы нотариат куәландырған келiсiмнiң көшiрмесiн қосымша ұсынады.
Сотта атап өтілгендей, арнайы шоттарға жоғарыда көрсетілген төлемдер ғана есептелуі мүмкін, ал банктер мұндай шоттарға ақшаның түсуін төлемнің мақсаты мен ақша жөнелтушінің сәйкес коды бойынша бақылайды.