Жаңалықтар тізбегі
0

​Тұмаумен ауырған адамның емделу кезіндегі қауіпті 5 қателігі

ERNUR.KZ, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.11.2018 16:40 ERNUR.KZ
Соның салдарынан иммунитетті "өлтіріп", аурудың асқынуына жол береді.

Күн салқындай бастағалы бері тұмаумен ауырғандардың саны артатыны белгілі. Алдамшы жылы ауа райына «алданып» қалатын иммунитеті төмен жандар ендігі екі-үш қайтара ауырып үлгерген де болар деп жазады ERNUR.KZ.

Оған қоса ЖРВИ қатарындағы пара-тұмау, аденовирусты инфекция, риновирустар және т.б. және бар. Мұрыннан су ағу, тамақтың қышуы, құрғақ жөтел – мұндайда температура көтерілмесе, адамдар елемей жүре береді.

Әбден асқынғанда барып алдымен өзін өзі емдеумен айналысуға ұрынатыны да аз кездесетін жағдай емес. Дәрігерлерді осы жайт қатты алаңдатады. Медицина мамандарының айтуынша, тұмау мен ЖРВИ-ді емдеуде адамдар мынадай 5 қателікке жиі жол беретін көрінеді.

Соның салдарынан аурудан толық айықпай, оның ауыр түрде қайталануына тағы да жол береді.

1-қателік: Арақ – тұмаудан емдемейді, керісінше, иммунитетті өлтіреді

«Вирус өлтіреді» деп көбінше алкогольді ішімдіктің (көбінде арақ) көмегіне жүгіну – иммуниетті өз қолымен «өлтіру» деп санайды дәрігерлер. Тұмау кезінде қолданылған алкогольді ішімдік ағзаның иммундық жүйесі нағыз қажет болып тұрған шақта оны одан сайын әлсіретеді. Ішімдіктен гөрі мұндайда халық емінде көп қолданылатын итмұрынның қайнатпасы, түймедақ тұнбасы немесе шайқурай сияқты фитошайлардың көмегі көп. Бірақ оларды ешқашан да ЫСТЫҚ күйінде қабылдауға БОЛМАЙДЫ! Тек ЖЫЛЫ қалпында ғана!

2-қателік: Дәрумендерді уыстап ішу

Дәрумендерді тек сау кезде, онда да белгілі бір уақыт аралығында ғана қабылдау қажеттігін білмей жатады көпшілік. Бір ғана мысал: мұрыннан су ағып, түшкіре бастағанда аскорбин қышқылын қабылдау керек деген сенім қалыптасып кеткен. «С дәрумені иммунитетті күшейтеді!». Қате пікір, С дәруменін ғана қабылдап аурудан айығып кеткен ешкім жоқ. Иә, жанама әсері арқылы тұмауды жеңілдетеді. Бірақ, оны негізгі ем ретінде қабылдау дұрыс емес. Сол сияқты, цитрусты жемістерді де тек ауырғанда көп жеу ағзаға пайда бермейді. Онымен тұмауды емдемейді. Аскорбин қышқылын сатып алып жегеннен ас мәзіріне болгар бұрышы, ашытылған қырыққабат немесе алманы көбірек қосқан әлдеқайда пайдалы.

3-қателік: «Ауырған адам оранып жату керек»

Иә, есік-терезені қымтап, жылы көрпеге оранып жату да тұмауды емдеудегі бір әдіс ретінде қалыптасып кеткен. Қызуы көтерілген дененің үп еткен самалдан тітіркенетіні рас. Бірақ оранып алып, бөлмеге ауа кіргізбей жату арқылы адам аурудың жағдайын жасай береді. Яғни, вирустың одан әрі көбеюіне жол береді. Тұмаумен ауырғанда мейлінше жеңіл әрі ыңғайлы киініп, әр екі сағат сайын бөлменің терезесін ашып, желдетіп тұру қажет. Әрине, өкпек жел болмағаны дұрыс. 4-5 рет еденді, шкаф секілді жиһаздарды ылғалды шүберекпен сүртіп шығу да айығуды тездетеді. 100 көрпеге орансаңыз да, бөлмені тазартып, денеңізді ыстықта ұстасаңыз, аурудан аз уақытта айығу мүмкін болмайды.

4-қателік: антибиотикпен емделу

Антибиотиктердің адамзатты көптеген инфекциядан құтқарып қалғандығын жоққа шығармайды ешкім. Бірақ тұмауды онымен емдеуге болмайтынын әлемдік дәрігерлер жиі айтады. Анығында, антибиотиктер ағзадағы бактериялармен күреседі. Ал тұмау мен ЖРВИ-ді біздің ағзамызға вирустар әкеледі. Яғни, антибиотик вируспен күреспейді. Тұмау кезінде қабылданған антибиотиктер иммунитетке демеу болып тұрған ішектегі бактерияларды да жойып жіберуі мүмкін. Сәйкесінше, мұндайда вирустар күшейіп, тұмау да асқына түседі.

5-қателік: Тұмау үш күнде жазыла салмайды

Жұмыс, қызмет деп әдетте тұмауды елемейтініміз рас. Үш күннің ішінде қажетті ем-домды дұрыс жасап емделсек мейлі, көбінше олай болмайды. Екі-үш күн жатып, ертерек жұмысқа шығуға асығамыз. Міне, тұмаудың жылына 4 рет айналып соғуы – осы жағдайдың кесірінен. Толық жазылмаған, емделмеген тұмау қайта айналып соға береді. Тұмаумен ауырғандардың басым көпшілігі оның бірінші кезеңінен емделмегендер. Тұмауды кем дегенде 1 апта немесе 10 күн емдеу қажет екендігін дәрігерлердің жиі айтатыны сондықтан.

ҚАЛАЙ ЕМДЕЛУ КЕРЕК?

Тұмау мен ЖРВИ кезінде тек вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер ғана көмектесе алады. Әрине, дәрігердің жазып берген кешенді дәрі-дәрмектермен бірге. Екіншіден, иммунитетті күшейту керек. Ағзаның қорғаныс қабілетін арттыратын дәрілер де болуы тиіс кешенді емдеу кезінде. Ал үшіншіден, қабынуды, ауыруды басатын, қызуды түсіретін де дәрілердің болуы маңызды. Егер, емделу кезінде осынау жайттар ескерілетін болса, тұмау тез жазылып әрі жақын уақытта қайта айналып соқпайтын болады. Әрине, дәрігердің кеңесі мен жіті қадағалауы бірінші орында. Тұмаудың жыл сайын үдеп, түрі көбейіп бара жатқанын да есте ұстаған жөн.



zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: