Марқұм жүргізушінің туыстары Шамалғандағы өткел кезекшісін кінәлайды
Бүгін Шамалғандағы апат кезінде мерт болған автобус жүргізушісі жер қойнына тапсырылды. Жаназаға қатысқан тілшілер сол кезде күйеуі жанында болған әйелінің пікірін біліп қайтты, деп хабарлайды Zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
"Шамалған станциясындағы апатта қаза тапқан автобус жүргізушісінің денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Артында жары мен төрт баласы қалды. Ал ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілген 3 жолаушының жағдайы оңалар емес. Станция тұрғындары болса, биліктен теміржол өткеліне көпір салуды талап етіп, бас көтерді. Жексенбінің кешінде болған жантүршігерлік оқиғаны қазір мамандар тергеп жатыр", - дейді телеарна тілшісі.
- Айқайладым ғой: "Түсші, секірші аяғың сынса да" деп едім ғой, үлгермеді, жаным.
Теміржол бойында болған апатты көзімен көрген автобус жүргізушісінің жұбайы кешеден бері ес жияр емес. 4 баламен жесір қалды. Үлкені биыл ғана мектеп бітірген. Бүгін бір баласының туған күні, соны атап өтуді жоспарлағанбыз, бірақ әкесінің жаназасын шығарып отырмыз, - дейді қан жылаған ана.
Ләйлә Жарылқасова, марқұм жүргізушінің жары:
- Пробқаға түстік. Мен білмеймін қалай рельске жетіп қалғанымызды. Бірақ олар 10 минут сайын қызыл түске ашып тұра береді көліктерді өткізеді. Автобус келген кезде ашпауы керек еді, олар білді ғой ол жерге сыймайтынын, шығып кете алмайтынын білді. Егер де ашпағанда ол кетпеуші еді.
Марқұм болған жүргізушісі поезд келе жатқанда автобустың есіктерін ашып үлгерген. Осылайша көліктегі 19 жолаушының 16-сы ажалдан аман қалды. Салоннан шыға алмай қалған екі кішкентай қыз бен олардың анасы қазір аудандық ауруханада.
Өмірзақ Ниязбеков, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бірінші орынбасары:
- Қазіргі кезде үшеуіне де компьютерный томография жасалды. Мамасының миына қан құйылған жоқ. Екеуінің де басына қатты зақым келген. Біреуіне ота жасаған, қыздың ішіндегі қаптары жыртылып кеткен. Маңдай сүйегі сынған.
Пойыз бен автобустың қақтығысы станция тұрғындарын дүрліктірді. Дәл осы теміржолға өткеліне көпір салу туралы арыз-шағымдарын аудандық әкімдікке жолдап жүрсе, бұл жолы Үкіметтен талап етті.
Шамалған стансасының тұрғыны:
- Енді автобус кетті қазір ше. Например одан кейін, тағы да күтіп отырмаймыз ғой. Тағы кім өледі екен ертеңгі күні деп. Дұрыс па?! Сол үшін біз "требуем - мост". Арғы жақтан қанша балалар мен оқушылар келеді. Ана пробкадан балалар, оқушылар кеш барып қалады. Төртте басталады, кешкі 12-ге дейін пробка. Мост үшін келдік. Халық шаршады. Өтірік уәдеге.
Дәл осы өткелдің үстінен көпір салу ел қазынасына қымбатқа түседі дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі. Себебі, маңайда 70 тұрғын үй мен 2 жанармай құю бекеті бар.
Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдарды дамыту министрі:
- Сондықтан көпір басқа жерден салынады. Нақты орынды белгілеу керек. Жобалау жұмыстарын 3-4 айда бітіріп, келесі жылы құрылысты бастап кетеміз.
Роман Скляр: "Машинист сағатына 97 шақырым жылдамдықпен келе жатқан, өткелге 500 метр қалғанда ғана поезды тежеді", - дейді. Ішкі істер министрінің айтуынша, теміржол өткелдеріндегі арнайы белгілерді жүргізушілер ескере бермейді. Сондықтан, жол-көлік оқиғаларының 96 пайызына көлік жүргізушілер кінәлі деп отыр Ерлан Тұрғымбаев.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Теміржол өткелдерінде ережені бұзып өткен жүргізушілерге қолданылатын жазаны күшейту керек. Себебі мұндай апаттар көбіне адам өліміне әкеледі.
Мамандардың айтуынша автобусқа соғылған "Алматы-Қостанай" поезының жолаушылары дін аман. Қазір оқиғаның себебі анықталуда. Қылмыстық кодекстің 344 және 345-ші баптары бойынша іс қозғалған.
Оқи отырыңыздар: "Осылай өле береміз бе?..". Шамалғанда халық көтеріліп кетті
Тағы да: Министр Шамалғанда неге көпір салынбағанын түсіндірді
Бұл да бар: Шамалған апатының куәгері жүргізушінің соңғы сөзін естіп қалған