"Бұлай болмайды!". Жүсіп Ақшора қазақ тойына реформа жасауды ұсынды
"Шаншар" әзіл-сықақ театрының әртісі Жүсіп Ақшора қазақ тойы түрлерінің тең жартысын алып тастау керек деп санайды. Ол тойдан береке кетіп, қазақты әбден шаршатып, қажытып жіберді дейді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл ойын әртіс TalkLeik бағдарламасына берген сұқбатында айтты.
"Мерекесі көп елдің берекесі болмайды". Мұны Қадыр Мырзалиев ағамыз айтып кеткен. Көшедегі халықтың 71 проценті қазір тойдың қамымен жүр. Қанша күн жұмысынан қалады, қаншама қиыншылыққа тап болады. Шетелге барсаң, ондай емес. Өз-өзін күткен, өз-өзін дамытқан халық. Қарасаң біреу ұшақтың моделін жасап алып, соны қалай дамытсам деп ойланып отырады. Кәдімгідей қызығасың оларға. Ал біздікі бар тапқан-таянғаныңды құр шашу", - дейді ол.
Сондықтан ол қазақтың той түрлерінің басым бөлігін қысқартып тастау керек, бесік той, туған күн дегенді тойлаудың мүлде қажеті жоқ деп санайды.
- Қазаққа тойды тоқтату керек. Жартысынан көбісін алып тастау қажет. Үйлену тойды, қыз ұзату тойын қалдыру керек, болды! Қалғанының керегі жоқ. Сүндет той, бесік той деген мал сойылып, туғандарының ғана өз ортасында жасалатын дүние ғой. Оған алашапқын болып, үлкен той жасап, далақтаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұрын "тышты ма, тышты ма" деп бесікті ұстап, бес кемпір келіп, бесік тойын жасап кететін. Ал қазір 250 адамды бір-ақ шақырады. Анау, алыстағы ағайындарды шақырасың. Ат әуре, көт әуре болып келеді еріксіз олар. Оның бәрі шын ниетімен қуанып келіп жатыр дейсің бе? Бәле болды ғой, өткенде ғана той жасаған, енді немене тағы да деп кейиді. Жолда кейбірі бәлеге ұшырап жатады. Тойға деп шығып, жол апатына ұшырағандар, сөйтіп өліп кеткендер де бар. Юбилейді бұрын ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері тойлайтын. Қазір бәріміз тойлағыш болып алдық оны да. Біреудің туған күнінің кімге керегі бар? Туса өзі үшін туып, өзі үшін жасқа толып жатыр. Оған елдің бәрін әуре қылып жан-жақтан шақырып жатады. Кішкентай баланың 1 жасқа толған тойының не керегі бар? Сондай тойларды қысқарту керек бізге, - дейді ол.
Той үшін қарызданып-қауғаланатын жұрт тағы барын еске салған Жүсіп Ақшора одан да оны игі іске жұмсауды қазаққа үйрену керек деп ортаға ой тастайды. Осылай деген әртіс сахнада да көңілі толмайтын бір жайттың шетін қылтитты.
- Қазіргі мақсат – қазаққа қазақша үйрету. Негізі қазаққа қазақша үйрететін – өнер адамдары. Бірақ кино болсын, әзіл-сықақ театры болсын, драма театры болсын, бәрі елдің ығына қарай кетіп қалуда. Орысша-қазақша аралас, шалақазақша. Жалпылай айтқанда, сахна тілі таза емес, қазір бәрі бұзылып кетті. Соны да жөндейтін уақыт жетті, - дейді ол.
"Шаншар" әзіл-сықақ театры әртісі, Мәдениет қайраткері Жүсіп Ақшораның 4 баласы бар. Оның үшеуін, яғни бір қызы мен екі ұлын үйлендіріпті.
"4 баламның үшеуі үйленді. Қызды ұзаттық. Екі келін түсірдік. Екеуіне екі реттен бесік той жасадық. Үлкенім Малазияда архитектураны бітіріп келген, Ортаншым қобызды, театральныйды оқып, менің жолымды қуғандай болған, артынан жиһаз жасап сатумен айналысып кетті", - дейді әртіс өз отбасы жайында.