Алматы облысында өгей әкесі зорлаған 8-сынып оқушысы жүкті болып қалған
Әлеуметтік желіде өгей әкесі зорлап, жүкті болып қалған мектеп оқушысы туралы жазба пайда болды. Алматы облысының полициясы бұл фактіні растады, деп хабарлайды zakon.kz.
Жазба қиындысынан белгілі болғандай, Алматы облысы Лепсі ауылының тұрғыны сот төрелігінде әділдікке қол жеткізу үшін көпшіліктен көмек сұрайды. Әйел 8-сыныпта оқитын қызын өгей әкесі, нақтырақ айтқанда, бұрынғы екінші күйеуі зорлағанын айтады. Қазір оқушы қыздың аяғы ауыр болғанына алтыншы ай болыпты. Әйел полицияға екі рет арыз жазған, бірақ бәрі бұл істі жылы жапқысы келеді екен. Мектеп директоры мен ауданның білім бөлімінің басшысы, керісінше әйелді арыз жазба деп көндірмекші болыпты, өйткені бұл үшін олар қызметінен қуылуы мүмкін. Тіпті, әйел аудан әкіміне де барған көрінеді, бірақ ешкім ештеңе істемеген. Әкім, оған шу шығарма, сонда бәрі реттеледі депті. Бірақ, керісінше, бір адамдар оған қызына түсік жасату үшін ақша ұсыныпты.
- Барлығы өз қызметінен айырылып қаламын ба деп қорқады, ал менің басымдағы жайттан ешкімнің шаруасы жоқ, бәрі бұл істі жасырып қалғысы келеді. Ал мен, тек әділеттілікті қалаймын. Осы мәселеге араласуларыңызды өтінемін. Мен қазірдің өзінде бәрінен қорқамын. Мені қорқытып-үркітіп, аузымды жабу үшін ақшаға сатып алғылары да келді. Осы мәселеге араласуларыңызды өтінемін. Жаңалықтарда, бар жерде жазыңыздар, - делінген әйелдің жазбасында.
Осы жазбаға қатысты zakon.kz редакциясы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласты. Олар мектеп оқушысының жүктілігі туралы фактіні растады. Ювеналды полиция 2019 жылы 25 желтоқсанда Лепсі орта мектебінің оқушылары арасында жүргізген сауалнама кезінде бұл фактіні анықтаған болып шықты. Сауалнама кезінде жәбірленуші өзін 49 жастағы өгей әкесі зорлағанын айтқан.
- Сол күні, 25 желтоқсанда, бұл факті ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-бабының 4-бөлігі, яғни "Зорлау" бойынша Алакөл аудандық полициясының бірыңғай тіркеу тізіліміне енгізіліп, қылмыстық іс қозғалды. Тергеуге алынған күдікті ер адам өгей қызын зорлағанын мойындамады. 27 желтоқсанда "үйден шықпау туралы" қолхатпен босатылған күдікті шаруа қожалығы территориясында өз-өзіне қол салып, мерт болды (асылып қалған). Алакөл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өндіріске қажетті тексерулерді тағайындау бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Бұл істің тергеу барысы Алматы облыстық полиция департаментінің Тергеу басқармасының жеке бақылауына алынған, деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.