Атырауда өлі күйі табылған 1,5 жасар балаға қатысты тың мәлімет жарияланды
Атырауда жоғалған 1,5 жасар баланы іздеу жұмыстарына қатысты егжей-тегжейлі мәлімет жарияланды, деп хабарлайды zakon.kz "Хабар-24"-ке сілтеме жасап.
Атырауда 20 мамырда түстен кейін жоғалып кеткен бір жарым жастағы сәбидің денесі табылды. Баланы 700-ден астам адам іздеп, оған тәртіп сақшылары мен құтқарушылар, сондай-ақ волонтерлер тартылған. Олар бүкіл қала маңындағы ауылдар мен елді-мекендердің барлығын сүзіп шықты. Үшінші күні ғана ақыры баланың өлі денесі үйден 10 метр қашықтықтағы септиктен табылды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бір жарым жасар Әли Әбішевті құрлықтан да, судадан да, тіпті әуеге көтеріліп те іздеді. Бала 20 мамырда түскі ас кезінде үйден шығып кетіп, содан із-түссіз жоғалған.
Рашид Біләлов, Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Барлық ауланы кезіп, барлық кәріз жүйесін тексеріп, көзге түскен ұңқыр-шұңқырдың барлығын қарадық. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаменті жол талғамайтын көлікті де іздеу жұмысына қосты. "Жұлдыз" ықшам ауданындағы ауылдың сыртындағы иен дала, үй маңы, дала массивтері, қараусыз қалған ғимараттар, сонымен қатар жақын жердегі су қоймалары – бәрін тексердік.
Алғашқы күні құдық, траншея мен күлтөкпе - бәрі тексерілді, бірақ іздеу жұмысы нәтиже бермеді. Волонтерлердің айтуынша, сәбидің денесі табылған ескі септик бірнеше рет тексерілген. Оның үстіне оның беті жабық болған, баланың оны өзі бетімен ашуға күші әрең жетеді.
Олжас Сұлтанов, волонтер:
- Жалпы, баланы сонда құлап кетеді деп ойлаған жоқпыз. Септиктің резервуары жабық, бірақ соған қарамастан оны да тексергенбіз, оған түскен кәріс сорғыш маманы онда ештеңе жоқ екенін айтқан. Волонтерлердің көбісі ол араны қараған, бірақ күдікті нәрсені ешкімнің көзі шалмады.
Кішкентай Әлидің тек анасы мен әжесі бар. Отбасы тұрған жер үй қоршалмаған, сондықтан баланың сыртқа өз бетімен кетіп қалуы мүмкін деп болжанған.
Баланы ауыл мен оның айналасының барлық жерінен іздеген. Бала жоғалғаннан кейінгі алғашқы күні полиция қылмыстық іс қозғады.
Әділхан Байдосов, полиция департаменті бастығының орынбасары:
- Полиция қызметкерлері 20 мамырда жоғалған баланың денесін тауып алды. Тергеу-жедел тобы оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Тиісті сараптама тағайындалып, оның нәтижелері кейінірек жарияланады.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Атырау облысында құтқарушылар 12 адамды іздестіріп, олардың тек 10-ы ғана табылды. Кішкентай Әли жоғалғандар тізімінде 13-і болып тіркелген, оның денесі үшінші күні өз үйінің ауласынан табылды.