10 жыл күтіп шаршаған ауыл халқы көпірді өздері салып алды

5 Қараша 2020, 17:09
Сурет: видеодан кадр

Ақтөбенің іргесіндегі Сазды ауылының тұрғындары әкім-қараларға өтініш айтып шаршаған. Ақыры бар шаруаны өздері тындырыпты, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Артымызда Сазды ауылы, ал алдымызда екі-үш елді мекен бар. Бұл жерге көпір керек екенін, ауылдың тұрғындары он жылдан бері айтып келген. Әкім-қаралардан ешқандай көмек болмады дейді. Содан кейін өз күштерімен салуға кіріскен. Құрылыс материалдарын, барлығын өздері үйлерінен тасып, өз күштерімен салған.

Көпір азабын ауылдықтар әсіресе көктемде, су тасығанда тартады. Арнасынан асқан өзен уақытша салып қойған бөгетті бірнеше рет шайып кеткен. Тіпті кейбірінің ірі қарасы суға кетіп, мертіккен. Ал жұрттың әкімдерге айтқан өтініші сол күйі қала беріпті. Ақылдаса келе, тұрғындар шаруаны өз қолдарына алмаса, бітпейтінін түсінген.

Нұртай Ибраимов, Сазды ауылының тұрғыны:

Біздің әкімдер біледі оны. Бәрі біледі. Барлығының күнделіктерінде, журналының үстінде жазулы тұрған шығар. Мұның қиындығы - көктем кезінде былай қарай өтетін шаруа болсын, өмір тболғасын өлім болады, адамдар қайтыс болып жатқанда, бейітке шығаратын кезде мост бұзылып қалады да сонымен анау жақпен ел айналып кетеді, сол қиын болды. 6-7 км.

Ауыл күн санап өсіп келеді. Қазірдің өзінде 10 мыңға тарта тұрғыны бар. Көпірдің үстімен малды жайылымға айдап қана қоймай, көрші ауылдарға алыс жолды қысқартуға таптырмас мүмкіндік дейді.

Виктор Гудков, Сазды ауылының тұрғыны:

Көпір малды арғы бетке айдауға, бейітке бару үшін өте қажет. Бір жағынан мына көрші Шибаевка ауылының халқы да осы жермен қатынайды. Осы уақытқа дейін қаншама адамға өтініш айттық. Ешкім орындамады. Тек соңғы әкіміміз , Аслан деген жігіт, сол мен айналысамын деп, өзі құрылыс материалдарын тауып, қасындағы өзге де жігіттер қолқабыс жасады. Құрылысқа атсалысқан адамдар көп, 20 шақты адамның үлесі бар.

Көп түкірсе, көл қылып салған көпірлерін ауылдықтар күтіп ұстаймыз деп отыр. Енді біткен іске әкімдік мұрындық боп, құжаттарын сай қылып берсе деген өтініштері бар.

Астана ауданының әкімдігі жылдар бойы туындаған мәселеден хабардармыз, бірақ, дәл сол көпірдің құрылысы кезек күттірмейтін мәселе емес деп санайды. Себебі, су тасқыны жылда болып жатқан жоқ, биыл мысалы бөгетті су шаймағанын айтты.

Алмас жақсылықов, Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімінің орынбасары:

Қазір Сазды өзенінің арғы бетінде ешқандай елді мекен, не болмаса стратегиялық нысандар жоқ. Сондықтан негізсіз. Айналма жол бар, баруға мүмкіншілік бар. Тек бұл жерде қиындық болатын кез көктемнің су тасқыны кезінде малдың өріске шығуына азғантай уақыт, және бейітке қатынау.

Әкімдік халықтың өз күшімен салған көпірдің қаншалықты қауіпсіз екенін тиісті мекемелерге тексертіп алмақшы. Әр тұрғынның маңдай тері бар көпірді сүріп тастамай, кем-кемтігін дұрыстап, сақтап қалуға тырысатындарын айтты.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?