Ақша қайда? Түркістан облысында шаруа қожалықтары субсидиядан қағылды

9 Желтоқсан 2020, 11:09
Сурет: видеодан кадр

Түркістан облысында 50-ден астам шаруа қожалығы мемлекеттен берілетін субсидиядан қағылды. Төрт түлікті түрлендіруге арналған қолдау қаражаты электронды түрде жүзеге асырылып, бас-аяғы 2 сағаттың ішінде таусылып қалған. Соның кесірінен малмен күнелткен жұрт өздеріне тиесілі миллиондаған ақшадан қағылған. Ашуға булыққандар енді Мемлекет басшысынан көмек сұрауға мәжбүр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Бес жылдан бері мал шаруашығылығымен айналысатын Ағабек Әбдіров қорасында 500-ден астам қазақтың қылшық жүнді қойы мен оншақты ірі қара және 32 жылқысы бар екенін айтады. Шаруа қожалығының басшысы уақ малды түрлендіргені үшін саулықтың әр басына 1500 мың теңгеден субсидия алуы қажет еді. Алайда, электронды түрде берілген қаражат бас-аяғы екі сағаттың ішінде шаруаларға таратылып, толық жетпей қалған.

Ағабек Әбдіров, шаруа қожалығының басшысы:

Шаруа қожалыққа осындай субсидияға документ деген соң бергенбіз заявканың бәрін. Екі сағаттың ішінде ақша таусылды деді заявкамен. Сөйтті де қазір аудан бойынша 56 ма, 58 бе майда шаруа қожалықтарының біреуі де ақша ала алмай қалды.

Соңғы екі жылдан бері оңтүстік өңірде жауын-шашын аз болып, жерге шөп шықпай қалды. Қазір, тұяқтының бәрі қорада тұр. Жұрт қысқа деп жинаған мал азығы азайып бара жатқанын айтады. Базардан сатып ала қойайын десек қымбат, қырдың шөбі 1200 теңге, ал, бидайдың әр келісі 120-130 теңгенің айналасында сатылуда. Сондықтан, мемлекеттің қолдау қаражаты аса қажет, дейді шаруалар. Оны ала алмаған қожалықтардың малы шетінен қозы тастап жатыр екен.

Сәкен Жұрқабаев, шаруа:

Алатынымыз 2-3 миллион теңге. Қойдың бәрін санады, түгендеп кетті. Саны да бар, базада да бар. Ал, әне жерге келгенде ірі шаруа қожалықтарының бәрі алады 50 милион 48 миллион 500 миллиондап алады түскеннің бәрін. Ал, біздер қара халық қалып кетіп жатырмыз.

Сарыағаш ауданында 56 шаруа қожалығы төрт түлікті түрлендіріп жүргені үшін берілетін субсидияға қол жеткізе алмаған. Осыдан кейін аудан әкімдігінен бастап, облыс әкімі, тіпті, мемлекет басшысына дейін көмек сұрап, хат жазған.

Мұхтар Дайрабаев, шаруа:

Аудан ауылшаруашылығынан ешқандай нәтиже жоқ. Бір емес екі рет жиналыс болды. Прокуратураға жазылды. Ешқандай нәтиже жоқ.

Қуат Қажымұқан, шаруа:

Кеше мысалы КРС дейді сиырларға 59 млн аударылған. Оны бір шаруа қожалығына 52 миллион теңге аударылған болды. Қалған шаруашылық не алады сонда? Сол ғой, айтарымыз мысалы. Ақша жоқ дейді, берілмей жатыр.

Субсидияға бөлінген қаражаттың шаруаларға толық жетпей қалғанын Түркістан облыстық ауылшаруашылық басқармасы да растап отыр. Ақжағалылардың сөзінше, мал шаруашылығын қаржылай қолдау бағдарламасына биыл шілдеде өзгеріс енгізілген. Жаңа ережеге сәйкес, уақ малдың басын түрлендіру мен асылдандыру ісіне деп берілетін ақшаның көлемі де артқан. Сөйтіп, жыл басында жоспарланып, бекітілген қаражат жыл соңына қарай жетпей жатыр екен.

Ерлан Жәнібеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Біз ол туралы ауылшаруашылық министрлігіне хабарлаған болатынбыз. Яғни, жылдың ортасында көтермей, өйткені, біз бюджетті жоспарлап қойдық қой. 2021 жылдан бастап көтеріңіздер, біз жоспарды сол кезде жоспарлаймыз бюджетті. Жылдың ортасында нехватка ақша болады, ақша жетіпсеушілік туындайды деп. Оған қарамады енді министрлік. Сол кезде нормативті көтеріп берді бізге.

Тығырықтан шығу үшін басқарма енді ауылшаруашылық министрлігінен қосымша 1 миллиард теңге сұрауға мәжбүр болып отырғанын айтады. Ақша республикалық қазынадан бөлінетіндіктен оны Қаржы министрлігі шешетін көрінеді. Қазір, ұсыныстар қаралуда дейді. Егер ол болмаған жағдайда, субсидиялау қағидасына өзгерістер енгізбекші. Соған сәйкес, ақшадан қағылған шаруаларды келер жылы бірінші кезекте қарық қылмақ. Айта кетейін, биыл Түркістан облысына мал шаруашылығын дамыту үшін 9 млрд 650 миллион теңге бөлініпті. Оның 2 млрд-тан астамы қой өсіруге бағытталған.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?