Нұр-Сұлтанда қазақстандық спортшылардың Олимпиадаға қауіпсіз дайындығы талқыланды

6 Қаңтар 2021, 14:46
Сурет: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас хатшысы Андрей Крюков қызмет барысында кездесіп, спорт саласын дамытудағы маңызды мәселелерді талқылады, деп хабарлайды zakon.kz.

Нұр-Сұлтанда бейінді министрлік пен еліміздегі Ұлттық Олимпиадалық комитеттің жұмыс барысындағы кездесуі өтті. Тараптар қазақстандық спортшылардың Токио мен Бейжіңдегі Олимпиада ойындарына және 2021-2022 жылдарға жоспарланған өзге де кешенді жарыстарға дайындығын сөз етті. Кездесу барысында Қазақстандағы бұқаралық спортқа қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, ұлттық құрама командалардың оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыру және пандемия кезінде қазақстандық атлеттердің олимпиадаға іріктеу турнирлеріне қатысу мүмкіндіктері де назардан тыс қалған жоқ.

"Мемлекет басшысы өзінің кезекті жолдауында бұқаралық спортты қарқынды дамытуды тапсырды. Қазіргі таңда өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне жіті назар аудару қажет. Әлемдегі спорттың маңыздылығы сәт сайын артып келеді, ал індет кезінде спортпен айналысудың әлеуметтік салмағы тіпті зор. Дене шынықтыру мен спортты дамытуға күш салу біздің мемлекеттегі әлеуметтік саясаттың негізгі бөлшегі саналады. Спортпен айналысу жастарды жауапкершілікке, толеранттылыққа, әріптестік таныта білуге баулып, тұлғаны әлеуметтендіруге және пандемия кезінде қоғамның қайта қалпына келуіне тікелей әсер етеді. Олимпиада шыңына шыққан спортшыларымыздың ірі жетістігінің түп негізінде бұқаралық балалар спорты тұрғаны ешкімге де құпия емес. Сондықтан, бұқаралық балалар спортын дамытуды сөз қылғанда мамандар пікіріне ерекше көңіл бөліп, Ұлттық Олимпиада комитеті мен шетелдегі үздік тәжірибелерді басты бағдарда ұстау керек. Ғаламдық пандемия кезінде біздің спортшылардың Олимпиада ойындарына толыққанды және қауіпсіз дайындалуына жағдай жасау өте маңызды. Өйткені, олардың Олимпиададағы болашақ жеңістері талай жылдар бойы біздің жастарымыз бен балаларымыз үшін мықты мотивация және әлеуметтік табыстың үлгісі болмақ", - деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас хатшысы Андрей Крюков бейінді ведомство басшысына Ұлттық құрама командалардың қазіргі жағдайы мен дайындығы туралы ақпар берді. Бүгінге дейін қазақстандық спортшылар спорттың 17 түрінен 42 жолдама иеленді. Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңдеріне дайындық процесі жалғасуда.

"ҰОК алдындағы басты міндеттердің бірі – ұлттық құрама командаларды COVID-19 індеті кезінде алдағы Олимпиада ойындарына дайындау. Осы орайда, тағы бір қызықты жайтты айта кеткен жөн. Біздің тарихымызда алғаш рет келесі 12 айдың ішінде 2 Олимпиада – қысқы және жазғы ойындар өтеді. Әдетте, бұл спорттық оқиғалардың арасын бір жарым жыл бөліп тұратын, алайда, ғаламдық пандемия біраз өзгеріс енгізді. Бүгінде екі жарыстың арасы небары бес айды құрайды. Сондықтан, қысқы және жазғы спорт түрлеріндегі атлеттердің жарысқа бір мезетте дайындалуы ерекше күш-жігерді талап етеді. Біздің спортшыларымыз аз уақыттың ішінде бірнеше іріктеу турнирлері мен тұрақты жарыстарға қатысуы тиіс. Ұлттық құрама командалар күнтізбесінде әртүрлі деңгейдегі 430 халықаралық турнир, еліміз бен шетелдерде өтетін 640 оқу-жаттығу жиыны жоспарланған. Мұндай жағдайда бұрын қалыпты көрінген жайттардың барлығына ерекше талап қойылатыны анық", - дейді ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.

Оның айтуынша, Қазақстан ҰОК үшін спортшылардың денсаулығын сақтай отырып, жарысқа қауіпсіз дайындық жұмыстарын жүргізу басты міндеттердің бірі болмақ.

"Біздің барлық жұмысымыз осы мақсат төңірегінде өрбиді. Ұлттық құрама командалардың жаттығу жиыны мен жарысын бақылауға арналған жедел штаб құрылды. Сонымен қатар, Токио және Бейжіңдегі Олимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық атлеттерге әлеуметтік логистиканы ұйымдастыру мәселесі де қарастырылып жатыр. Біздің мамандар барлық процесті жіті қадағалауда. Ойын алдындағы дайындық, Олимпиадаға қатысу, Олимпиада ауылына барып, елге қауіпсіз қалпында оралуға дейінгі жағдайлар түгел бақылауда. Қазіргі басты міндетіміз – дайындықты жалғастырып, жарысты сәтті және қауіпсіз күйінде аяқтау. Бәрімізге ортақ мақсатқа жету үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Бүгінде ҰОК олимпиадалық спорт түрлерінен 39 спорттық федерацияның басын біріктірген, халықаралық федерациялар мойындаған және спорт түрлерінен нақты білімге ие заманауи қоғамдық ұйымға айналды. Өз қаражатымыздың есебінен біз ҰОК қызметін цифрландыру процесін жүзеге асырып жатырмыз. ҰОК-тегі барлық құжат айналымдары электронды форматқа ауыстырылған, барлық төлемдер тек онлайн күйінде жасалады, бизнес-процестер,оның ішінде, бақытау механизмдері де цифрландырылуда. Іс-шараларды ұйымдастыру кезінде жобалық әдістер және басқа да технологиялар енгізілуде. Цифрландыру кешігудің алдын алып, барлық процесті жеңілдете түседі. Бұл жаңашылдықтың барлығы тиімділікті арттырып, орындаушылардың жауапкершілігін нығайтады", - дейді ол.

Сонымен қатар, жиын барысында спорттық білім беру, кадрларды дайындау және біліктілікті арттыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Допингпен күрес және қазақстандық допингке қарсы зертханаға WADA лицензиясын қайтару туралы да сөз қозғалды. Қазіргі таңда зертзана өз статусын қайтару үшін жұмыстануда. Жұмыс барысындағы кездесудің басты міндеті ретінде спортты дамытудың стратегиялық мақсаттары, күрделі сұрақтарды және спорт саласындағы маңызды мәселелерді шешу болғанын айта кету керек.

Айта кетелік, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті 2018 жылдан бері олимпиадалық спорт түрлерінен ұлттық құрама командалады дайындау жөніндегі мемлекеттік тапсырманы орындауда.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?