2025 жылға қарай мұғалімдердің жалақысы 2 есе артады
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 ақпандағы Жарлығымен бекітілген елдің 2025 жылға дейінгі дамуының Ұлттық жоспарын таныстырды, деп хабарлайды zakon.kz.
Құжатта коронакризис салдарын нивелирлеуге, тұрақты, инклюзивтік және сапалы экономиканы дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған түйінді саясатты жетілдіру бойынша аса маңызды салалар мен бағдарларды дамытудың стратегиялық пайымы көрініс тапты.
2018 жылы қабылданған 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары елді үшінші жаңғырту процестерін іске қосты. Алайда, пандемия әсер еткен жаһандық экономика дамуының күрт өзгеруі негізгі даму сценарийін түбегейлі өзгертіп, "жаңа ақиқатты" қалыптастырды.
"Жоспар халықтың тұрғын үйге, дамыған инфрақұрылымға, сапалы білім беру мен денсаулық сақтауға, жұмыспен қамтуға және тұрақты табыс көзіне базалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған. Нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру – бұл ел дамуының Ұлттық жоспарының негізгі стратегиялық міндеттері", - деді Ұлттық экономика министрі.
Ерғалиевтің атуынша, әлеуметтік қамсыздандыру жаңа Әлеуметтік кодекспен реттелетін болады. Жоспарға сәйкес, денсаулық сақтау саласы білікті кадрлармен қамтамасыз етілсе, ал емдеу мекемелері қазіргі заманғы жабдықтармен, диагностика және емдеу әдістерімен толық жарақтандырылады.
Барлық өңірде 20 заманауи медициналық орталық, 12 инфекциялық аурухана және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынады. Дәрігерлердің жалақысы 2025 жылға қарай 2,5 есе өседі.
Білім беру жүйесін жаңғырту оның сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталатын болады. Апатты және үшауысымдық мектептерді толық жою үшін 800 мектеп салынады. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен толық қамтылу жоспарлануда. Барлық білім беру ұйымдарында инклюзивтік білім беру үшін жағдай жасалатын болады. 2025 жылға қарай кезеңдік негізде мұғалімдердің жалақысы 2 есе арттырылатын болады.
Ұлттық жоспар ШОБ-ты одан әрі дамытуға, салауатты бәсекелестік ортаны қамтамасыз етуге, бәсекелес салалардағы мемлекеттің үлесін төмендетуге, өңдеуші өнеркәсіптегі қосылған құны жоғары өндірісті дамытуға бағдарланған.
АӨК-те 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тарта отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйе құрылатын болады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,3 есеге артады. Барлық осы шаралар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.
Экономика салаларын цифрландыру, жасанды интеллект және Big Data элементтерін енгізу жөніндегі шараларды іске асыру жалғасады. Ел халқының 99%-і сапалы Интернетке қол жеткізе алады. Барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар 5G жоғары жылдамдықты Интернетпен қамтылады.
Мемлекет "жасыл технологияны" енгізуге, отандық ғылыми-технологиялық және инновациялық базаны дамытуға күш салады. Туризмнің үлесі ЖІӨ-нің 8%-іне жеткізіледі.
"Сыртқы экономикалық саясатта инвестицияларды белсенді және таргеттелген тарту, сондай-ақ қазақстандық экспортты ілгерілету маңызды басымдыққа айналады", - деді Ерғалиев.
2025 жылға қарай тікелей шетелдік инвестиция көлемін 30 млрд. долларға жеткізу көзделген. Бұл 2025 жылға қарай негізгі капиталға инвестиция деңгейін 30% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, мұны әлемнің неғұрлым серпінді дамып келе жатқан экономикаларымен салыстыруға болады.
"Маңызды басты жұмыс елдің теңгерімді аумақтық дамуын қамтамасыз етуге арналады. Өңірлерді дамытудың жаңа әдістері әлеуетті көтеруге және олардың әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталады. 3500-ден астам ауыл жаңа өңірлік стандартқа сәйкес жаңғыртылатын болады. Елдегі барлық тұрғын сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізе алады. Елдің аумақтық және экономикалық тұтастығының нығаюы халық пен бизнестің бірігуін арттырады", - деді Әсет Ерғалиев ОКҚ онлайн-брифингінде.
Экономикалық ведомство басшысы 2025 жылға дейінгі Стратегиялық көрсеткіштер картасы Ұлттық жоспардың міндеттерін іске асырудағы прогрестің өлшемі болатынын атап көрсетті. Карта жауапты мемлекеттік органдарды бекіте отырып, салалар, өңірлер бойынша құрылымдалған үш бағыт бойынша 41 көрсеткіштен тұрады.