Біз халыққа көңіл айтуымыз керек. Марқұм Қабдеш Жұмаділовке зиялы қауым сөз арнады

6 Сәуір 2021, 11:36
Сурет: Ашық дерекөздерден алынды

85 жасына қараған шағында дүниеден озған дарабоз жазушы Қабдеш Жұмаділов романдарының басты тақырыбы - қазақ елінің тарихы. Қаламгер 1962 жылы Атамекенге оралған Қытай қазақтарының көшін бастап келген, деп хабарлайды zakon.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері. 10 роман, 21 повесть, 70-тен астам әңгіме жазған. "Соңғы көш", "Көкейкесті", "Атамекен", "Дарабоз" атты романдары ел ішіне кең тараған. Шығармалары орыс, украин, беларусь, өзбек, ұйғыр, қырғыз тілдерінде жарық көрген.

Халықтың арасында ұйымдастыру жұмысын жасайды. Хрущевке хат жазады, партия орталық комитетіне хат жазады, көшірмесін Қазақстан ЦК-ның бастығы Қонаевқа жібереді. Сөйтіп, бұл кісі қазақтың 200 мың, кейде 370 мың деп айтып жүр, сол 370 мың адам қайтып Қазақстанға оралған ұлы көшті бастайды, – деді ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Алмас Ахметбек.

Жазушының ғұмырындағы бұл елеулі өзгеріс оның әдебиет майданында даралануына да әсерін тигізбей қоймады. Ұстазы Мұхтар Әуезов те "Жазушы боламын деген адамға Құдай өзі осындай кедергілер береді. Мүмкін ол жаққа өмірбаяныңды байытайын деп жіберіп жатқан шығар. Бастысы сен жасыма!" деген екен.

Осындай оймен өскен ұл ұлттық рухтың жалаугері болды. Романист жазушыны дүйім ел "Қазақ әдебиетінің Қабанбайы" атады. Арттағы ел, алдағы ұрпақ қамы үшін аттан түспеген нар азаматтың қазасы да көпке оңай тиген жоқ.

Бала кезімізден оқып өстік ол кісінің шығармаларын. Қазақстан Жазушылар одағының алдында тұңғыш рет кең, маңдайы жазық, осындай ағамызды көргенімізде, Мұхтар Омарханұлы Әуезовті көргендей болып едік. Мұхаңнан кейінгі маңдайы жазық жазушымыз еді біздің. Ағамыздың дүниеден өткеніне өте қайғырып тұрмыз, бүкіл қазақ еліне қайғырып көңіл айтамыз, – деді ақын, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.

"Жарқын бейнесі әрқашан біздің жадымызда сақталады. Халықтың жазушысы өмірден өтіп отырған кезде біз халыққа көңіл айтуымыз керек деп есептеймін", – деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

"Мұңлық-зарлықтың сөзі бар еді: "Мақсатқа жетіп олар да кетті өмірден, Өзекті жанға бір өлім, тек сайтан ғана өлмеген". Сол... азаматтың өмірінде таудай-таудай шығармаларын қалдырып, о дүниеге аттанды да кетті. Жатқан жері жайлы болсын!" – деді жазушы, драматург Дулат Исабеков.

Қабдеш Жұмаділов өзін бақытты адам, бақытты жазушы санады. Расында, оның шығармалары өзі айтпақшы, «заман илемеген, заманға күйлемеген, банкротқа ұшырамаған» туындылар. Солай болып қала да бермек.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?