Нұр-Сұлтан дәрігерлері: Індеттің алдын алудың қолжетімді жолы — вакцинация

29 Сәуір 2021, 16:16
Сурет: astana.gov.kz

Елорда әкімдігінде әкім орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен "Вакцинация — COVID-19-сыз өмір cүру жолы" тақырыбында өткен дөңгелек үстелде дәрігерлер коронавируспен күрестегі қиындықтар туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды zakon.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Көпбейінді медициналық орталық" ШЖҚ МКК директорының орынбасары Сәуле Атығаева 15 ай бойы коронавирус госпиталінде жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде мекеме дәрігерлері бірнеше мың науқасты емдеген, өкінішке орай, қайтыс болғандары да аз емес.

Біз бірнеше мың науқасты емдедік, өкінішке орай, қайтыс болғандар қатары да аз емес. Сол сияқты, әріптестерімізден де, туыстарымыздан да, таныстарымыздан да, жақындарымыздан да айырылдық. Сәуір айында індеттің айтарлықтай өскенін байқап отырмыз. Осы жылдың қаңтар айымен салыстырсақ, коронавирус үш-төрт есе, өлім-жітім бес есе өсті. Қаңтар айында 22 адам қайтыс болса, сәуірде 104 адамға жетті. Қайтыс болған туыстарының мәйітін алуға келген кісілердің қайғысын көру біз үшін өте ауыр. "Вакцина неге ертерек пайда болған жоқ", "ата-анамызды неге вакцинацияламадық, қазір оларды жерлеудің орнына бір дастархан басында отырар едік" деген сөздерді жиі естиміз, — деді ол қазіргі қиын жағдай туралы.

Дәрігердің айтуынша, қазір медицина қызметкерлеріне түскен жүктеме өте ауыр. Олар денсаулығын қатерге тігіп, дамылсыз, қауіпті вируспен күресіп келеді. Сонымен бірге, ол коронавирусты емдеу үлкен қаржыны талап ететінін де атап өтті.

Әр науқасты емдеу өте қымбат. Көптеген анализ жасалады. Себебі бұл вирус осыған дейін анықталғандарынан айтарлықтай ерекшеленеді. Сол сияқты өкпе, жүрек, ұйқы безі секілді ағзаларға кері әсер етеді. Көптеген пациенттерде коронавирустық инфекция жұқтырғаннан кейін қант диабеті де анықталып жатады, сол сияқты ми, бүйрек, қан тамырлары секілді өмірлік маңызды органдардың бәріне әсер етеді. Емдеу тиімді болып, науқас оны жеңіп шыққанның өзінде оның толық өмір сүруіне кепілдік бермейді. Себебі постковидті синдром деген бар. Яғни, үш апта, бір ай немесе одан да көп уақыт өткеннен кейін асқыну пайда болуы мүмкін. Жүректің, мидың, бүйректің, бауырдың ауыр зақымдануы және өмір бойы мүгедек болуы мүмкін қауіп бар, — деп ескертті Сәуле Атығаева.

Індеттің алдын алудың жалғыз, жеңіл, қолжетімді жолы — вакцинация. Вакцина бөліп шығаратын антиденелер қауіпті вируспен бетпе-бет кездескенде аурудың жеңіл өтуіне ықпал етеді.

Ең дұрысы вакцина қабылдап, иммунитет арттыру. Бұл сөзімді 30 жылға жуық тәжірибесі бар жұқпалы аурулар дәрігері ретінде айтып отырмын. Мен дифтерияның өршуін 1994-1995 жылдары көрдім, ол кезде қайтыс болған туыстарымызды жерледік. Ол кезеңді де вакцинация арқылы жеңіп шықтық. Біз қызылшаның өршігенін де көрдік, әсіресе балаларға вакцинация болмаған жылдары үлкен қиындыққа тап болдық. Сол себепті жағдайды толықтай салыстыра аламын, - деді медициналық орталық директорының орынбасары.

Әріптестерінің айтқанын қалалық фтизиопульмонология орталығының директоры Анна Цепке де қолдады. Айта кету керек, қалалық фтизиопульмонология орталығы 2020 жылы КВИ пациенттерін қабылдаған алғашқы клиника болды.

"Індеттің басында ең бірінші болып науқастарды қабылдадық. Науқастарды емдейтін жалғыз мекеме боламыз деп ойлаған едік. Бірақ өткен жылы жағдай мүлдем басқа бағытта өрбіді. Төсек қорына үлкен жүктеме түсті, ауыр жағдайдағы науқастар да өте көп. Өткен жылдың жазы медицина қызметкерлері үшін, жалпы денсаулық сақтау жүйесі үшін ең қиын кезең болды. Бүгінгі таңда ауру одан да көп. Бірақ инфекцияға қарсы вакцинаның шығарылуы үлкен көмегін тигізбек. Вакцинация бізге тығырықтан шығатын үміт сыйлады. Түптеп келгенде бұл жұмыс өз нәтижесін беріп, адам өмірін сақтап қалатынына сенімдімін", - деп атап өтті Анна Цепке.

Оның айтуынша, қазір қалада коронавирус вакцинасын тез, ыңғайлы алу үшін әрі денсаулығына нұқсат келуден қорықпай, болашаққа сеніммен қарау үшін барлық жағдай жасалған.

Біз дәрігерлер мен пациенттердің жауапкершілігі туралы көп айтамыз. Қазір әрбір азаматтың өз алдында да, өзгелердің алдында да, қоғам алдында да жауапкершілігі болуы тиіс. Бұл бір жылдан астам уақыт дамылсыз жұмыс істеп келе жатқан медицина қызметкерлеріне де, олардың жұмысына да айтарлықтай көмек болады. Мен парасатты болуға және өз өмірімді қауіптен құтқарудың дұрыс жолымен жүруге шақырамын, - деп қорытындылады дәрігер.

Айта кетейік, кездесу онлайн режимде өтті.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?