Киік жайылым жерлерді таптап, жойып бітіруде!

видеодан кадр видеодан кадр
Жұрт желіде жаға жыртысып жатқанда Батыстағы ағайын базына айтты.

Осы аптада қоғамда қызу талқыға түскен жайттың бірі Киік. Елімізде қазір осынау бір жануардың популяциясы өсіп келеді. Қуанарлық жайт. Алайда әлеуметтік желінің желінін ісіткен мәселе әсте бұл емес. Жұрт Құралайды ұстап суретке түсудің төңірегінде айтысып, қырқысуға дейін барды. Киіктің лағымен суретке түскенде тұрған не бар деп сұрауыңыз мүмкін, сөйтсек болмайды екен. Томиристі ойнаған танымал актриса Индира Тұрсынға құралаймен суретке түсуге рұқсатты Экология министрлігінің баспасөз хатшысы рұқсат берген мыс. Сол-ақ екен желідегі жұрт министрлік өкіліне тарпа бас салған. Оның жақтастары да табыла кеткен. Белгілі қоғам белсенділері, журналистер де осы бір айтыс тартысқа араласып кетті. Әлеуметтік желі Айбайша айтқанда Тау жаңғырып үн қосып, үрген ит пен айтаққаның кебін киіп тұрғандай болды, дейді "Еуразия" бірінші арнасы.

Жұрт желіде жаға жыртысып жатқанда Батыстағы ағайын базына айтты. Бөкей Орда мен Жәнібек аудандарының жайылым жерлерін осы жарықтық төртаяқты тапап барады екен. Елдің айтқаны рас болса. Ел болғалы судан таршылық көріп отырған ауылдағы ағайынның жеріне су іздеп киіктер келеді екен. Тым көбейіп кеткен. Суды қойып көкке, шөпке жарымай отырған шаруалардың иліктерін жайпап кетіп жатыр дейді. Экологиялық апаттың ар жақ бер жағында отырған жұрттың әуелгі жанайқайы әсілінде киік емес болар. Бірақ табиғаттан таршылық көріп отырғанда үйдегі малдың азын аулақ отына түздегі жануар ортақтасып жатса кімнің де болса шымбайына батары анық шығар.

Бірнеше жылға созылған киік мәселесіне мыңқ етпеген министр шаруалар шулап, әлеуметтік желі жарылып, президент тапсырма берген соң ұшты батысқа. Оралдан қосылған облыс әкімі ауданға жеткенше тікұшақтан таныстырды өңірдегі проблеманы. Аймақта соңғы кезде су тапшы. Өзен-көлдер кеуіп, мал шаруашылығы күрделеніп барады. Судан тарығып, қуаңшылықтан қиналған жұрттың жеріне мың-мыңдап киік жайыла бастады.

Шаруа қожалығының басшысы:

Былтыр өте ауыр жыл болды. Сондықтан мал шаруашылығын 30 пайызға азайттық. Біздерде ақбөкеннің өскеніне қарсылық жоқ. Санын азайтып, реттеуді шешсеңдер.

Жер бетіндегі киіктің 90 пайыздан астамы Қазақстанда мекендейді. Бетпақ далада, Маңғыстау маңындағы үстіртте және Еділ мен Жайық арасында жүр. Ең көбі осы Батыс Қазақстан аймағында. Бірақ нақты саны белгісіз. Екі жыл бұрын 200 мыңнан астам болған.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

Есеп әлі аяқталған жоқ. Сондықтан кім ойлап шығарып жатқанын мен білмеймін. Біреулер млн дейді. екіншілер 400 мың дейді. Сондықтан есепті бітірейік.

Мамандармен, шаруалармен, әкімдермен сөйлесе келе министр үш ұсыныс айтты. Бірінші облыста "Бөкейорда" мемлекеттік табиғи резерваты мен Ащыөзек табиғи қаумалы құрылмақ. Екінші осы аумақта геологтардың араласуымен су көздерін анықтап, киіктерге жасанды суат дайындалады. Үшіншісі, киіктердің Орал популяциясының бір бөлігін Жайықтың сол жағалауына өткізу мәселесін қарастырылмақ.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

Резерват құрылатын болады. Оған президенттің шешімі бар. Жергілікті ауылдардан кісілерді жұмысқа алатын боламыз. 78 адам.

Ал жайылымы тарылып, шабындығы оталған шаруалардың шығынын кім өтейді? Өйткені, қожалықтардың дені мемлекеттік бағдарламамен мал алып, несиемен несібесін тауып отыр.

Жандос Еркебай, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ өкілі:

Әр жеке оқиғаны қарастырамыз. Біздің Аграрлық несие корпорациясы тарапынан графиктерін ұзарту, төлем мерзімдерін қарастыру, ыңғайлатып біздің ұарыз алушыларға. Сондай көмегіміз тиюі мүмкін. Ол үшін болған оқиғаны ресми түрде дәлелдеп, құжаттарын алып, бізге арызымен хабарлау керек ол.

Шаруалардан ресми түрде шағым түспеген аграрлық несие корпорациясына. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі әліптің артын бағып отыр ма, әзірге ләм мим демеді.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз