Ақтөбеде "Unique finance" қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар сотталды
Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Орал қалаларында сенімді азаматтардың ақшасын тарту бойынша алаяқтық схеманы анықтаған, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өздерін "Unique finance" шетелдік компаниясының өкілдері ретінде көрсете отырып, халыққа "Pepsi", "Nike", "Microsoft", "Ford" және "BMW" сияқты ірі халықаралық компаниялардың бағалы қағаздарына ақша инвестициялауды ұсынған.
Оның орнына салымшыларға салынған соманың 6%-ы, жаңа серіктестің салым сомасының 5%-ы мөлшерінде ай сайынғы пайда уәде етілді. Бұл ретте, ең минималды салым 1000 АҚШ долларын құраған.
Бағалы қағаздардың орнына халыққа жалған акциялар беріліп, олардың қаражатын қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар иеленіп отырған.
Ұйымдастырушылар 3 және 3,5 жылға сотталды.
Бүгінгі таңда нарықта азаматтарды өз жобаларына ақша салуға шақыратын криптовалюта, шетелдік компаниялардың акциялары, зергерлік бұйымдар, туристік жолдамалар, басқа тауарлар мен қызметтерді сататын компаниялар көбейіп кетті. Сонымен қатар, ақша табудың мұндай тез және оңай тәсілі үлкен қаржылық шығындарға әкеп соқтыруы мүмкін.
Қаржылық пирамидалар туралы не білу керек?
1. Ұйымның шамадан тыс жоғары кірісіне кепілдік беріледі.
2. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензиясының болмауы.
3. Меншікті қаражаттың болмауы, төлем жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен жүргізіледі.
4. Салынған қаражатты қайтарудың нақты ережелерінің болмауы.
5. Қызметінің айқын болмауы.
6. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы шулы ұрандары бар кең жарнамалық кампания.