Түркістан облысында 1 тәулікте 8 той тоқтатылды
Қазығұрт ауданында карантинге қарамастан тәулік ішінде өткен 8 бірдей той-жиын анықталды. Яғни карантиндік талаптар мен салынған айыппұлдарды елеместен, жасырын той жасаған. Өткізілген әр тойға 50-150 аралығындағы тұрғындар жиналып, түрлі салтанатты жиындарды ұйымдастырған. Мобильдік топ мүшелері жиналған жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойға келгендерді тарқатты, деп хабарлайды zakon.kz ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлер карантин талаптарын елемеген тойхана мен той иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу" бойынша іс-құжаттарды жинақтап, заңды шешім қабылдау үшін Қазығұрт ауданы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасының қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолдады.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн.