Лионель Месси жетінші рет «Алтын доп» сыйлығын иеленді
«Пари Сен-Жермен» клубы мен Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси 2021 жылы «Алтын допты» жеңіп алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Осылайша, Лео мансабындағы жетінші «Алтын добына» қол жеткізді. Аргентиналық футболшы 613 ұпай жинап, екінші орындағы ойыншыдан 33 ұпайға озып кетті, деп жазады Аладоп.
Дауыс беру нәтижесі бойынша екінші орынды «Бавария» және Польша құрамасының шабуылшысы Роберт Левандовски (580 ұпай) иеленді. Үшінші орын «Челсидің» жартылай қорғаушысы Жоржиньоға (460 ұпай) бұйырды.
2019 жылы «Алтын допты» соңғы рет Месси алған еді. Ал 2020 жылы бұл сыйлық коронавирустық пандемияға байланысты берілмеді.
«Бавария» және Польша құрамасының шабуылшысы Роберт Левандовски France Football нұсқасы бойынша жылдың үздік шабуылшысы атанды.
Бұл марапатты француз басылымы алғаш рет табыстап отыр. Ол бір күнтізбелік жылда клуб пен ұлттық құрама үшін ең көп гол соққан ойыншыға беріледі. 2021 жылы Левандовски «Бавария» мен Польша құрамасы үшін 64 гол соқты.
«Барселона» және Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Педри France Football нұсқасы бойынша жылдың ең үздік жас ойыншысы атанды.
19 жастағы футболшы Парижде өткен салтанатты шарада Раймон Коп жүлдесіне ие болды.
«Пари Сен-Жермен» клубы мен Италия құрамасының қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма 2021 жылғы әлемнің үздік қақпашысы атанды. Өткен жылдың үздік футболшыларын марапаттау рәсімі кезінде 22 жастағы қақпашы Лев Яшин жүлдесіне ие болды.