Алматыдағы жекеменшік балабақшадағы сұмдық жағдай. Ата-аналар бәрін айтып берді
Видеода буыны қатпаған бүлдіршіндерді білектің күшімен тезге салған тәрбиешінің әрекеті анық көрінеді. Әрі-бері жүріп, түртпектеуін тоқтатпаған келіншек бармақтай қызды беттен де ұрған. Кейін белгілі болғандай, бұл өрескел жағдай Алматыдағы Көкжиек ықшамауданындағы балабақшада болған. Ата-аналар бұған дейін де балаларының денесінен түрлі дене жарақаттарын байқағандарын айтады. Бұған тәрбиеші үнемі олардың өзі құлап қалғанын айтып келіпті, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
"Ой, ойнап жүріп құлап қалған шығар", – дейді балаларды. Ал видеода бәрі көрініп тұр. Шашын жұлып жіберген менің қызымның. "Өлтіремін" деп қорқытады екен, қолында ұзын шпилка секілді заты бар. Ата-ана Аруна Серікова
Даудың басы ата-аналар чатына байқаусызда кетіп қалған видеодан басталыпты. Ата-аналар отырған чатқа тәрбиеші байқамай видеоны өзі салып жіберген.
"Идиот" деп балаға айтып жатқан сөзінен бәрі басталды. "Жазда баламның ауызы уылды, аузына тұз тықты" деп анасы шырылдап тұр. Камерадан көрініп тұр. Баланы қылқындырып, аузына тұз салғанына дейін көрініп тұр. Ата-ана Әсем Мекеева
Немеремнің санын жазда көгеріп қалғанын көргенмін. "Әже, ешкімге айтпайсыз ба, Ләззәт апай мені шымшып алды", – деді. Сандары көгеріп келеді, иықтары көгеріп келеді. "Оқтаумен ұрады", – деп айтты. "Бала өтірік айта береді", – деп немеремді өтірікші қылды. Ата-ана Гүлхан Оспанова
Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде қазір 95 бала тәрбиеленіп жатыр. Нысан осыдан екі жыл бұрын ашылған көрінеді. Балабақша меңгерушісі болған жағдайға өзінің де таң қалғанын айтады.
ІІ-категориялы педагог өзі. Екі жыл жұмыс істеді. Ешқандай ата-анадан шағым болған емес, бұл бірінші рет тіркеліп тұрған жағдай. Бізде шұғыл түрде шара қолданып бұл кісіні Еңбек кодексінің 52-бабы бойынша жұмыстан босатып отырмыз. Балабақша меңгерушісі Анар Нұрсұлтанова
Балаларды аялы алақанымен емес, тоқпақпен тәрбиелегісі келген әйелге қатысты қылмыстық іс те қозғалған.
Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-тармағы бойынша бұл азаматша тергеуге алынды. Қазіргі таңда ол полицияда түсінік беруде. Тергеу барысында қандай бұлтартпау шарасы қабылданғанын сот шығаратын болады. Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек
Тәрбиешінің кінәсі дәлелденсе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал ата-аналар бұл балабақшадан баламызды шығарып аламыз дейді. Қалалық білім басқармасы мен прокуратураға да шағым түсірмек.