Алматыда әкесі ауруханаға тастап кеткен екі жасар баланың әжесі табылды
Бұл туралы Жамбыл облыстық ПД-ға сілтеме жасап, Алматы телеарнасы хабарлады.
Терезеге телмірген нәрестенің тағдыры жалпақ жұрттың жанына батты. Полиция қызметкерлері ауруханаға табыстаған бөбекті, міне, төрт ай бойы ешкім іздеп келмеген. Мұндағы дәрігерлер оның денсаулығын жіті бақылап, бірі анасының, бірі әкесінің орнын басыпты.
№2 қалалық ауруханада ата-анасын асыға күтіп жатқан екі жасар Тәңірберген осы уақытқа дейін дәрігерлердің қамқорлығында болды. Мекеме мамандарының айтуынша, бүлдіршіннің дені сау, тек ата-анасы хабарсыз кеткесін осында күтуге мәжбүр.
Қыркүйектен қаңтарға дейін қараусыз қалған бөбектің жақын күндері ата-анасы табылмаса, балалар үйіне табыстаймыз, - дейді заңгерлер.
Ал елдің есін екеу, түсін төртеу қылған жағдай — "бүлдіршінді бұл уақытқа дейін неге ешкім іздемеді" деген сауал. Оның үстіне, дүниені танымай жатып, дүниетанымын дәрігерлер ашқан бейкүнә бөбектің төрт ай бойы ауруханада қалай күнелткені көптің көкейіне маза бермей жатыр.
Біз балаға бауыр басып қалдық. Алғаш келгенде қылықтары болса, қазір тілі шығып келе жатыр. Әрқайсымызды атымыздан танып, келгенде қуанып, атымыз аталса, танып жатады. «Мама папа» деп сөйлейді. Денсаулығы жақсы, тамақты жақсы ішеді. №2 қалалық балалар ауруханасының педагог тәрбиешісі Гүлайым Әкрәмханова
Бұған дейін медицина мекемесіне әкесі де некен-саяқ келіп, жағдайын айтып кететін дейді мамандар. Соңғы келгенінде қошақанымды қойныма алып жатамын деп кете барыпты. Содан ізім-ғайып жоқ болған.
2021 жылдың 22 қыркүйегінде Әуезов аудандық полиция қызметкерлерімен №2 балалар ауруханасына кәмелеттік жасқа толмаған кішкентай бүлдіршін келіп түсті. Осы уақыт арасында баланың әкесі Тілепбаев Мейірбек келіп баласын балалар үйіне өткізбеуін өтініп, құжаттарын сатып әкелемін деп уәде берген. Әкесінің сөзінше, баланың анасы бөбекті тастап кеткен. № 2 қалалық балалар ауруханасының заңгері Рүстем Балтабаев
Бөтен бала болмайды деген қала тұрғындары да Тәңірбергенді көруге, аналық мейірімін бөлуге әрдайым дайынбыз дейді. Келіп, тәттісін арқалап, аурухананы жағалап жүретін көрінеді.
Кішкентай баланың еш кінәсі жоқ қой. Бала дүниеге ата-анам бар деп келеді ғой. Біз сол бананымызды, тәттімізді, «киндер шоколадымызды» алып, баланы көрейік деп келдік. Кейін баланы көрсек, тағы келеміз ғой. Қала тұрғыны Әлия Есенқазиева
Ал қалалық Полиция департаменті бұл іске қатысты жауапты адамдарды тағайындап, баланы өз қамқорлығымызға алып тиісті орындарға табыстаймыз дейді.
Біз ертең баланың жеке басын растайтын құжаттарды рәсімдейміз. Осы уақытқа дейін бұл баланың бірде-бір құжаты болмаған. Ата-анасы туу туралы куәлік жасамаған. Сонымен қатар баланы басқа қолайлы жерге көшіру туралы шешім қабылдап жатырмыз. Тиісті талапқа сай «Әділ» деген қор осы жауапкершілікті өзіне алып отыр. Полиция департаменті басшысының тергеу жұмыстары бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов
Кейіннен Жамбыл облыстық Ішкі істер департаменті мен сол өңірдің тілшілер қауымы баланың әжесі табылғанын хабарлады. Алдағы уақытта телеарна журналистері ол кісімен байланысып, сұхбаттаспақ ниетте.