Берік Уәли Президенттің Ресейге сапары туралы айтты

Тоқаев пен Путин Сурет: Ақорда
10-11 ақпан күн­дері Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруымен Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы әуелі Мәс­кеуде, содан кейін Татарстан Респуб­ли­касында болды, деп хабарлайды Zakon.kz

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen.kz-ке мақала жариялап, Мемлекет басшысының Ресейге сапары туралы айтты.

Келіссөз форматының ашық болғаны сондай президенттер әлеуметтік ара қашықтықты сақтамай, қол алысып, бір-бірімен төс қағыстырып амандасты. Осыдан-ақ кездесудің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын байқауға болады. Қазіргідей «ковид» кезінде мұндай жоғары деңгейде қабылдау – сирек кездесетін жағдай. Хаттама бойынша прези­денттер бір метр ара қашықтықта отырды. Қазақстан Президентімен кездесудің ерекше форматта өтуі екі елдің шынайы достық қарым-қатынаста екенін көрсетеді. Мұндай ерекше ілтипатты былтыр жыл соңында Санкт-Петербургте өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің саммитінен де байқауға болады.Берік Уәли

Президенттің баспасөз хатшысының сөзінше, екі ел басшыларының Кремльде өткен келіссөздері білім беру, цифрландыру, ғарышты игеру салалары мен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағытында мамандар даярлау ісі бойынша маңызды келісімге қол қоюмен аяқталды.

  • Қазақстанда Ресейдің жетекші жо­ғары оқу орындарының филиалдары желі­­сін кеңейту, сондай-ақ біздің «Бола­шақ» бағдарламасы аясында қажетті мамандар даярлау жөнінде маңыз­ды уағ­даластықтарға қол жеткізілді.

  • Бұл бағыт бойынша Алматыда МИФИ-дің, Аты­рауда Губкин атындағы уни­вер­ситет­тің филиалдарын ашу жұмыстары бас­талып та кетті. Бауман атындағы Мәс­кеу мемлекеттік техникалық универ­си­те­­тімен және басқа да бірқатар оқу орны­­мен олардың өкілдіктерін ашу жайын­да келіссөздер жүргізілуде. Қазақ­стан­ның «Халықаралық бағдарламалар орта­лығы» акционерлік қоғамы Ресей Феде­ра­циясының МИФИ, МФТИ, Губкин атын­дағы РМУ, Бауман атындағы ММТУ, ИТМО, МИСиС сияқты жетекші алты тех­­никалық университеті мен «Бола­­шақ» бағдарламасы аясында ынты­мақ­тас­тық орнату туралы меморандумға қол қойды.

  • Сондай-ақ тараптардың цифрлық сала басшыларын даярлау бағдарламасын бірлесіп іске асыру, IT мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттырудың қарқынды бағдарламасын іске қосу, Astana Hub халықаралық технопаркі базасында цифрлық трансформация құралдарын қамтамасыз ету және қолдау жөнінде келісім жасалды.

  • Келіссөз «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ мен «Трансмашхолдинг» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы маңызды келісіммен қорытындыланды.

Биыл Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынастар тарихында атаулы дата бар екенін атап өткім келеді. Бұл елде­ріміз арасындағы дипломатиялық қаты­настардың 30 жылдығы. Осы уақыт ішінде мызғымас дос­тыққа, ортақ тарихқа, Қазақстан мен Ресей халықтарының ментальдық тұрғы­дан жақындығына сүйене отырып, жо­ғары деңгейдегі басшыларымыз мем­лекетаралық үлгілі ынтымақтастық орнатты. Осы ынтымақтастық барлық сала бойынша зор жетістік пен табысқа қол жеткізді.Берік Уәли

Мәскеудегі табысты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы Ресей Феде­рациясындағы жұмыс сапарын Татарстан Республикасында жалғастырды. Қасым-Жомарт Кемелұлы мыңжылдық тарихымен және аса бай мәдени мұрасымен танымал Қазан қаласына алғаш рет ат басын бұрды.

Қазақ пен татар ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған туыстас халық. Біздің тарихымыз ортақ, дініміз бен тіліміз бір. Сонау XVI ғасырдың ортасында Иван Грозный Қазанды басып алғандағы қырғын біздің фольклорымызда ерекше із қалдырған. Ал тұтас ұлтты жаңа сапаға көтерген Алаш зиялыларының да қызметі мен өмірі осы Қазан қаласымен тікелей байланысты. Көбі осында білім алып, татар аруларына үйленді. Татар автономиясы мен Алаш автономиясы үнемі тізе қосып, бірге күрескенін тарихтан білеміз. Қазақтың алғашқы кітаптары да осы қалада басылды. Көрнекті Алаш қайраткері Уәлитхан Танашұлы Қазанда өмір сүріп, татар үкіметінде қызмет істеген. Демек, туыстас екі халық ежелден жұбын жазбаған. Татар ағайындардың қазақ халқына деген айырықша ықыласы ғасырлар бойы жалғасып келеді.Берік Уәли

Мемлекет басшысының Татарстанға сапары ғасырлық тарихы бар Қазан Кремлінен басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнда «Құл Шариф» мешіті мен Благовещенский соборын аралап көрді. Президент бір-бірінен қол созым жерде тұрған мұсылман мешіті мен православ шіркеуінің орналасуын достық символы деп атап өтті. Қазан Кремлінің аумағында Президент сарайы орналасқан. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рустам Минниханов осында ресми делегациялардың қаты­суымен екіжақты кездесу өткізді. Қазақ көшбасшысының республикаға сапары кезінде Татарстан басшысы бірге жүргенін атап өткен жөн. Араларында достық қатынастың орнағаны айтпаса да түсінікті. Бұл – олардың соңғы 10 айдың ішіндегі үшінші кездесуі.

Кездесу басында Президент мем­лекеттік тілде сөз сөйлеп, дипломатиялық қызметі аясында және БҰҰ Бас хат­шысының орынбасары лауазымында жүргенде алты құрлықты араласа да, Қазан қаласына алғаш рет келіп отырғанын айтты. «Мұным ұят болды, бірақ ештен кеш жақсы» деп әзілдеді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Нижнекамск қаласындағы «ТАНЕКО» кешенін аралау барысында «Татнефть» кәсіпорнында тағы­лым­дамадан өтіп жатқан қазақстандық жас мамандармен кездесті. Жуырда «Татнефть» компаниясы мен Семей қаласының геологиялық барлау колледжі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Нәтижесінде, биыл­дан бастап қазақстандық колледждің студенттері осы кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтетін болды. Осындай кездесу Набережные Челны қаласында да өтті. «КАМАЗ» компаниясының зауы­тында біліктілігін арттырған қазақ­стандықтар, елге оралған соң Қоста­найдағы осы кәсіпорынның зауытында жұмыс істейтін болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір ісса­пардан елге оралған сайын дәстүрлі түр­де ел ішіндегі және шетелдік сапар­лардың нәтижесі туралы әсерімен бөліседі. Осы сапарға қатысты Мемлекет басшысы Ресей Федерациясына қысқа мерзімді, бірақ өте мазмұнды сапары­ның нәтижесіне көңілі толатынын, оның Қазақстан мен Ресей арасын­дағы стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту тұрғы­сынан табысты болғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Феде­рациясына жасаған осы жолғы сапары мен жоғары деңгейде өткен келіссөздерін Қазақстан мен Ресей арасында кейінгі жылдардағы кездесулердің ішіндегі ең маңыздысы деп есептейді. Ресей Президенті де осындай көзқараста деп ойлаймын.Берік Уәли
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз