Қазақстандық ғалым сынықтар мен тізе буындарын емдеуді жеделдететін гидрогель ойлап тапты
Ғалым сүйек сынығы мен зақымданған тізе буынын емдеуді жеделдететін гидрогель ойлап тапты. Арнайы технологияның арқасында енді сүйек және шеміршек тіндері операциядан кейін 3-6 айда қалпына келеді.
Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, клиникаға дейінгі сынақтардың нәтижесі препараттың тиімділігі жоғары екенін растады.
Сүйек ақауларын толықтай қалпына келтіру травматология мен ортопедиядағы күрделі және шешілмеген мәселелердің бірі болып қала береді. Емдеу үшін сүйек алмастырғыштары, остеопластиканың түрлі әдісі жиі қолданылады. Бірақ бұл операциядан кейін сүйек әрдайым толық қалпына келмейді. Біз сүйек ақауларының толық қалпына келуіне ықпал ететін технологияны жасадық. Бағаналы жасушалар мен табиғи биополимерлер зақымданған сүйек немесе шеміршек тіндерін қалпына келтіру процесін жеделдетеді. Ұлттық биотехнология орталығының бағаналы жасушалар зертханасының меңгерушісі, профессор Вячеслав Огай
Сурет: Білім және ғылым министрлігі
Ғалымның айтуынша, гидрогельдер сүйек тінін жасауда қаңқа ретінде қолданылады. Құрылымында олар дәнекер тінінің негізіне ұқсас. Сондықтан да жасуша трансплантациясы үшін қолайлы.
Қазір операцияларды бағаналы жасушалар негізінде гидрогель арқылы жүргізу жоспарланып жатыр. Күрделі сынықтар мен зақымданған буындарды қалпына келтірудің бірегей технологиясы травматология мен ортопедияда көрсетілетін медициналық қызметтердің деңгейін айтарлықтай арттырады деген үміт бар. Препарат мамандандырылған ауруханалар мен ғылыми медициналық орталықтарда қолданылады.