Еңбекмин «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын әзірледі
Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, заң жобалары Ұлттық біліктілік жүйесінде белгілі бір кәсіп түрін немесе еңбек қызметінің түрін жүзеге асыруға үміткер жеке тұлғаның кәсіптік біліктілігін тану тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.
Негізгі заң жобасында кәсіптік біліктіліктерді танудың екі тәсілі көзделген:
Міндетті негізде – ҚР салалық заңнамалық актілерінде белгіленген қолданыстағы тәртіп негізінде жүргізіледі;
Ерікті негізде – өз бетінше және жұмыс берушінің жолдамасы бойынша өтініш жасаған, белгілі бір қызмет түрін, еңбек қызметін жүзеге асыруға үміткер кандидатты сертификаттау жолымен жүргізіледі.
Сондай-ақ заң жобасында кандидаттардың кәсіптік біліктіліктерді тану рәсімінен өту құқықтары, кәсіптік біліктіліктерді ерікті негізде тану шарттары мен тәртібі айқындалады.
Бұдан басқа, кәсіптік біліктіліктерді тану жүйесіне ерікті негізде кіру үшін мынадай ынталандыру шаралары көзделген:
жұмыс берушілер жіберетін кандидаттарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен кепілдіктер мен жеңілдіктер беру;
жұмыс берушінің қызметін декларациялау кезінде кәсіптік біліктіліктерді тануды есепке алу;
халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде жүгінген жұмыссыз тұлғаларға бір реттік ваучер беру. Осы ваучердің негізінде жұмыссыз адам республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіптік біліктілігін мойындаудан өтеді;
мемлекеттік басқарудың жекелеген салаларында (аясында) кәсіптер бойынша кәсіптік біліктіліктерді тану орталықтарын құру кезінде жекелеген шығыстарды субсидиялау.
Министрлік «заң жобаларын қабылдау қызметкерлерге, жұмыссыздарға және ізденушілерге тез әрі сапалы жұмысқа орналасуға және жоғары табыс табуға мүмкіндік береді», – дейді.