Михаил Ломтадзе: «Болмайтын іспен айналысуды доғару керек»!
Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушы Михаил Ломтадзе сүйікті клиенттеріне үндеу жолдады. «Біз ешқашан сүйікті клиенттерімізді қиын жағдайға қалдырған емеспіз және қалдырмаймыз. Бізге сенім артқандарыңыз үшін әрқайсыңызға рахмет!», - деді ол. Михаил сондай-ақ көре алмаушылар мен арам пиғылдылардың Kaspi туралы таратып жатқан кезекті қауесетін «ақымақтық» деп атады.
Видеоүндеу Михаил Ломтадзенің Youtube-тегі ресми каналында жарияланған. Төменде үндеудің толық мәтінін ұсынамыз.
«Біздің сүйікті клиенттеріміз!
Соңғы бірнеше күннен бері Kaspi туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Бізге бұл туралы шағымдар келіп түсе бастады.
Мен бірден бұл кезекті миға сыймайтын қауесеттер туралы жеке пікір білдіргенді жөн санадым.
Бірінші, Kaspi-дің банкроттығы туралы хабарламалар.
Бұл нағыз далбаса.
Мен Kaspi компаниясын 2007 жылдан бастап, 15 жылға жуық басқарып келемін. Біздің жетістіктеріміз бен жұмысымыз үшін жеке жауаптымын. Біз еліміз үшін көп нәрсе жасадық, клиенттеріміз бізді жақсы көреді, мұндайда көптеген арам пиғылдылар мен жаман адамдар қызғанышпен қарап, ақша төлеп, өтірік қауесет таратып, арандатушылық ұйымдастырып, бәрін бүлдіруге тырысатыны анық.
Біз ешқашан сүйікті клиенттерімізді қиын жағдайға қалдырған емеспіз және қалдырмаймыз. Бізге сенім артқандарыңыз үшін әрқайсыңызға рахмет! Біз әрқашан еліміздің, қазақстандықтардың және әрбір сүйікті клиентіміздің игілігі үшін жұмыс істейміз.
Екіншіден, Қазақстандағы қолма-қол доллар тапшылығы туралы.
Бірден айтайын, бұл Ресейге қарсы санкцияларға тікелей байланысты уақытша құбылыс, соның салдарынан әдеттегі бағыттар бойынша қолма-қол ақшаны жеткізу қиынға соғуда.
Мысалы, Украина мен Ресейді айналып өту салдарынан тұрақты рейстердің уақыты ұзарып кеткенін немесе мүлде тоқтап жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Бұл қолма-қол ақшаны жеткізуге бойынша да осындай мәселе бар.
Ұлттық банк қазір АҚШ-тан тікелей жеткізуді ұйымдастырумен айналысып жатыр және жақын арада қолма-қол ақша әкелуге уәде берді.
Бұл уақытша тапшылық тек қолма-қол валютаға қатысты. Көріп отырғаныңыздай, доллармен қолма-қол ақшасыз операцияларды еркін жасауға болады. Бұл жағдайдың теңгеге мүлдем қатысы жоқ.
Үшінші, Қайрат Сатыбалдының кешегі ұсталуына қатысты.
Бізге клиенттер тарапынан бұл туралы сұрақтар болған жоқ. Бірақ біздің жауларымыз осы фактіні пайдаланып, біз туралы тағы да жағымсыз пікір айтуға тырысатынына сенімдімін.
Сондықтан мен бұл туралы алдын ала пікір білдіргім келеді. Қайрат Сатыбалдының Kaspi-мен 4 жылдан беру мүлдем қарым-қатынасы жоқ. Ол 2015-2018 жылдар аралығында қысқа уақыт аралығында Kaspi акционерлерінің бірі болды.
Kaspi-дің жетістігі ең алдымен, біздің команданың еңбегі. Біздің көптеген компаниялардан айырмашылығымыз бізде мемлекеттің арзан ақшасы жоқ, мемлекеттік компаниялардың қызметкерлерін жалақы алуға тартқан жоқпыз, бізде мемлекеттік компаниялардың депозиттері жоқ және мемлекеттен ақшаны мүлде алмаймыз.
Мемлекет үшін іске қосып жатқан қызметтердің барлығын өз қаражатымыз есебінен тегін, ел игілігі үшін жасаймыз. Ең жарқын мысал - сіздердің көпшілігіңіз қолданатын Kaspi.kz қосымшасындағы Мемлекеттік қызметтер сервисі.
Сөз соңында, мен арам пиғылдылар мен қаскөйлерге айтқым келеді!
Ақымақтықпен айналысуды доғарыңыздар. Өз мақсаттарыңызға жету үшін Kaspi туралы жалған қауесет таратып, уақыт пен ақшаны босқа ысырап етудің орнына, мемлекет пен Қазақстан халқының игілігі үшін еңбек етіңіз. Сол үшін сізді көбірек құрметтейтініне сенімдімін!
Бізбен бірге болған сүйікті клиенттерімізге тағы да рахмет. Біз сіздерді жақсы көреміз, құрметтейміз және сізді ешқашан қиын жағдайға қалдырмаймыз. Және қазақстандықтар жақсы өмірге лайық деп есептейміз. Бүгін біздің барлығымызда болашақ ұрпақ үшін жаңа Қазақстанды құру мақсатымен бірігудің тамаша мүмкіндігі бар!
Уақыттарыңызды алғаным үшін кешірім сұраймын. Мен сүйікті клиенттеріміз бен еліміздің игілігі үшін ары қарай жұмыс істей беремін!».
Видеоүндеу Михаил Ломтадзенің Youtube-тегі ресми каналында жарияланған.