Жаңалықтар тізбегі
0

Биылғы түлектер ҰБТ-ны екі рет тапсыратын болды

ҚР Білім және ғылым министрлігі, жас түлек, ҰБТ, мамандық, Жоғарғы оқу орны, сурет - Zakon.kz жаңалық 01.04.2022 16:45 Сурет: Zakon.kz
Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2022 жылғы түлектерге хат жолдап, оқушыларға ҰБТ бойынша жағымды жаңалықты жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министр хатында оқушылардың ҰБТ-дан қиындықсыз өтуі үшін қабылданған қосымша шараларды тілге тиек етті.

ҰБТ бойынша қабылданған шаралар:

  1. ҰБТ-ны электронды форматқа көшіріп, оны барынша әділ еттік. Орнатылған камералар, прокторинг және трансляция жүйесі түлектерге кедергі келтірмеуі керек. Себебі бұл шара ҰБТ-ның әділ және ашық өтуі үшін енгізілді.

  2. ҰБТ жылына бір рет емес, 4 рет өткізіледі. Бұл жұмысқа әріптестеріміз көп күш-жігер жұмсаса да, бірақ ол түлектердің күйзелісін азайтып, университетке түсуіне бірнеше мүмкіндік беретінін білеміз.

  3. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға да арнайы жағдай жасалды. Биылдан бастап оларға тапсырмаларды орындау үшін қосымша 40 минут бөлінді. Сондай-ақ тапсырмалар суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз берілді.

  4. Енді тест тапсырушыларға калькуляторларды тұрақты түрде пайдалануға рұқсат етіледі.

  5. Биыл сіздерге ҰБТ ұпайлары ғана емес, сонымен қатар әр пән бойынша нәтижелердің тақырыптық талдауы беріледі. Бұл сіздердің әлсіз тұстарыңызды талдауға және білімдеріңізді жетілдіруге көмектеседі.

  6. Президенттің қолдауының арқасында грантқа түсуге мүмкіндік артып отыр. Биыл қосымша 15 мың грант бөлініп, стипендия мөлшері 15%-ға өсті.

  7. Жақсы жаңалық та бар. Инстаграмда мені белгілеп, грантқа түсу үшін бір емес, екі рет ҰБТ тапсыру туралы өтініш жазып жүргендеріңізді білемін. Шешім қабылдау кезінде біз оқушылардың ұсынысын, қызығушылығын назардан шығармауға тырысамыз. Сол себепті осы жолы да сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша шешім қабылдадық. Яғни енді сіздер екі рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсуге мүмкіндік аласыздар. Бұл шара эмоционалды стресс деңгейін төмендететініне сеніміміз мол.

Сондай-ақ еліміздегі бас ұстаз түлектерге университет таңдау бойынша кеңестерін де айтып өтті:

Бірінші. ЖОО-ның жұмыс берушілер рейтингіндегі орнымен, кадр құрамымен, оқу жағдайларымен танысыңыз.

Екінші. Қандай бағдарлама бойынша оқу жүргізілетінін қараңыз. Сондай-ақ мамандықтардың атауы бірдей естіліп, бірақ мазмұны айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін. Сол себепті үздік әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, университеттердің барлық бағдарламасының тізілімін жасадық. Енді ол бәріне қолжетімді.

Үшінші. Университеттің беделін бағалаңыз. Қазір ЖОО-лар өз үлгісіндегі дипломдарды береді. Дегенмен университет беретін дипломның қағазынан бұрын, оның қандай маманды дайындап шығаратыны маңызға ие.

Төртінші. Университеттің аккредитациясына назар аударыңыз. Егер ол ең мықты аккредиттеу ұйымдарынан өтсе, онда сапаның болатынына сенуге болады.

Бесінші. Университетті таңдау кезінде сізді күмәнді арзан оқу немесе сабаққа қатыспау мүмкіндігі сияқты ойлар қызықтырмауы маңызды. Себебі жұмыс берушілер дипломды жарамсыз деп танып, қаражатыңыз бен уақытыңыз босқа шығын болуы мүмкін.

Алтыншы. Қазақстандық ЖОО-ны таңдауға кеңес беремін. Біздің университеттердің сапасы көрші елдердің көптеген университетінен асып түсетінін сеніммен айта аламын.

«Оқу мен кәсіптің 3 түрі үлкен әлеуетке ие деп ойлаймын» деген министр мамандық таңдауға да тоқталып өтіп, мына мамандықтарды таңдауға кеңес берді:

  • Жас мұғалім. Қазір бұл мамандық тұрақтылықтың кепіліне айналды. Елімізде жақсы мұғалімдерге сұраныс өте жоғары. Қазір жалақы да, даму мен мансаптық өсу мүмкіндіктеріне де жағдай жасалған. Сонымен қатар осы бағытқа 9,5 мың грант бөлініп, ең жоғары стипендия тағайындалады, одан бөлек, жалақы жыл сайын 25%-ға өсіп отырады.

  • Жас инженер. Президент техникалық мамандықтардың маңыздылығын атап өткен болатын. Мықты инженер болсаңыз, онда сіз кез келген жерде бәсекеге қабілетті боласыз. Өздеріңіз білетіндей, жүздеген жас қазақстандық Google, Amazon және әлемге әйгілі басқа да компанияларда жұмыс істейді.

  • Жас ғалым. Қазақстан ғылымы қарқынды дамып келеді. Отандық ғалымдар QazVac вакцинасын жасады. Сондай-ақ жас ғалымдар бүкіл әлем бойынша ғылыми жарыстарда алдыңғы орындарда. Олардың жобаларына шетелдік компаниялар серіктестік ұсынып жүр. Одан бөлек, біз ғалымдарға барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Атап айтқанда, ғылыми гранттар бөлу, шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту және т.б. Сіздердің араларыңыздан да Сәтбаев ісін жалғастырушы мықты ғалым шығуы әбден мүмкін.

Жас түлектерге Жаңа Қазақстанды құруға тамаша мүмкіндік беріліп отырғанын айтқан Аймағамбетов жылы лебізін де білдіріпті.

Сіздердің идеяларыңыз, мақсаттарыңыз бен талпыныстарыңыздың арқасында еліміз одан әрі дами түсетініне сенімдімін. Қандай жағдай болсын, жоғары кәсіби мамандар әрқашан сұранысқа ие. Осыны естен шығармаңыздар. Еңбекқорлық пен сүйікті іспен айналысуға деген талпыныс болса, теміржолшы болып та жұлдыз атануға болады. Өзіңізге және күш-жігеріңізге сеніңіз. Білімнің асуларын бағындырып, ізденуден талмаңыз. Уақытты босқа өткізбеуге тырысыңыз. Оны жаңа білім мен дағдыны үйренуге жұмсаңыз. Бастысы өмір жолыңызда қандай қиындықтар туындаса да, оның барлығын жеңуге болатынын әрдайым есіңізде ұстаңыз.ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов

Айта кетерлігі, бұл хатты оқушылар Kundelik.kz, BilimAl.kz және Mektep.Edu.kz білім платформаларындағы жеке кабинеттерінен оқи алады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: