Mudarabah Capital қаржы пирамидасы ісіне қатысты тың мәлімет жарияланды
Әлеуметтік желіде Алматы полиция департаментінің ғимараты алдына алданған Mudarabah Capital қаржы пирамидасының салымшылары жиналды деген ақпарат пайда болды.
Zakon.kz редакциясы түсініктеме алу үшін қалалық ПД-ға жүгінді.
Иә, бүгін Mudarabah Capital қаржы пирамидасының алданған салымшылары Алматы қалалық ПД ғимаратының жанына жиналды. Олар өздеріне келтірілген залалды өтеуді және барлық кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Жиналғандарды ғимаратқа кіргізіп, түсініктеме берілді, - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Сондай-ақ, Алматы ПД ресми өкілі ҚР ҚК 212-бабының 3-бөлігіндегі нормаға сәйкес қаржы пирамидасын құру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын еске салды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында 11 адам күдікті деп танылды. Тергеу әлі де жалғасуда. Бұл қылмысқа тағы да бірқатар адамның қатысы бар екені анықталуы мүмкін. Соттық-экономикалық сараптама тағайындалып, қазір соның нәтижелерін күтіп отырмыз. Сотқа дейінгі тергеу органы күдіктілердің мүлкіне тыйым салды. Тағы екеуіне іздеу жарияланды. Соттың санкциясымен екі адам қамауға алынды, қалғандары үй қамауында және ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр, – деді Салтанат Әзірбек.
Сондай-ақ, ол залалды өтеу мәселесін тек соттың алдында алға тартуға болатынын нақтылады.
2021 жылдың көктемінде қазақстандықтар полицияға Astex компаниясы мен оның серіктестерінің басшылығына арызданды. Зардап шеккендер компания тендерлерде ақшаны "айналдыруды" және оның орнына ай сайын жоғары пайызбен өтемақы төлеуді ұсынғанын айтты. Бірақ соңында олар сан соғып қалған. Astex басшысы ұсталды.
Тағы бір Mudarabah Capital компаниясы Astex агенті болып шықты. Mudarabah қызметкерлері де ұсталды.
2021 жылдың қазан айында Mudaraban Capital компаниясының басшысы ұсталды.