Нора Джеруто өзін қазақстандық спортшы ретінде сезіне ме – сұхбат
– Жеңіске жеткен кезде бірінші болып кім құттықтады?
– Жарыс біткен бойда стадионда жүрген қазақстандықтардан көп құттықтау, жылы сөз естідім. Әлеуметтік желіде де маған көптеген құттықтаулар түсті. Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті мені, менің менеджерімді және әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген адамдар құттықтады.
– Жарыс бойы ерекше төзімділік таныттыңыз, мәреге бірінші жеттіңіз. Мұндай төзімді қалай дамытуға болады?
– Үздіксіз әрі талмай жаттығудың жемісі шығар. Сонымен қатар шетелдегі «Гауһар лигасы» жарыстарына, Қазақстандағы жабық және ашық турнирлерге қатысудың әсері бар.
– Кедергілерімен 3000 метрге жүгіру сыры адамның табиғи болмысына байланысты ма әлде үздіксіз жаттығу арқылы шыңдалып, жеңіске жетуге бола ма?
– Жаттығу түрі қол жеткізгіңіз келетін нәтижеге байланысты. Жеңіске жету үшін жүгіру жолында кедергілерден өтуді әрі жүгіруді үйрететін бірнеше бағдарлама мен жаттығулар жиынтығы бар.
– Қазақстанмен байланысыңыз қаншалықты күшті деп ойлайсыз?
– Мен, әрине, Қазақстанмен байланысты сеземін. Қазақстан спортты жақсы көреді, бұл мені ерекше шабыттандырып, басқаша сезімдерге жетелейді.
– Кения мен Қазақстанның қандай ортақ тұсы бар?
– Елдер арасындағы ортақ нәрсе және маған да ұнайтын нәрсе – спорт мәдениеті. Екі елде де бұл 100% бар. Қазақстандықтар спортты жақсы көреді. Жас дарынды спортшылардың қалай дамып, шеберліктерін шыңдап, сосын дүние жүзіндегі турнирлер мен жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жатқанын көріп келемін.
– Өзіңізді Қазақстан спортшысы ретінде сезінесіз бе?
– Иә, әрине. Әсіресе мен өз мансабымдағы әлем чемпионатының алғашқы алтынын ғана емес, Қазақстан жеңіл атлетикасының тарихындағы жазғы әлем чемпионатының алғашқы алтынын да жеңіп алып, тарихта қалдым. Көбіне Шығыс Қазақстан облысында, Өскеменде боламын.
– Осындай керемет нәтижеңізге құтты болсын дейміз. Біз сізбен мақтанамыз. Дәл қазір не сезініп тұрсыз?
– Мен өзімді жақсы сезінемін. Өйткені мен тарихи «алтынды» жеңіп алдым. Қазір мен – жаңа әлем чемпионымын.